Арыста 3000 абонент газбен қамтылды
Арыс қаласындағы 3 мың үй табиғи газға қосылды, деп хабарлайды 24kz.
Көгілдір отынға 6 шағын ауданның тұрғыны қол жеткізді. Бұл жұмысқа республикалық және облыстық бюджет есебінен 4 миллиардтан астам теңге бөлінді.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Жақсыгүл Шылманова көгілдір отынды көптен бері күтті. Енді шаңырағына газ келіп, қуанышы еселеніп жатыр. Кейуана осы күнге дейін от жағып, күл шығарып келді. Бір қыста 10 тоннадан астам көмір жағатынын айтады.
Жақсыгүл Шылманова, Арыс қаласының тұрғыны:
- От жағамыз, ағашы бар оның тұтататын тағы. Соның бәрін күні бүгінге дейін істеп келдік. Енді бүгін, міне, көгілдір отынға қолымыз жетіп, рахатын келіндеріміз көрсін. Солар пайдалансын. Біз солардың қызығын қызықтап отыра берейік. Басқа не айтамын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Арысқа көгілдір отын 2020 жылы жеткізілуі тиіс еді. Бірақ жобалық-сметалық құжаттарда кемшілік кеткен. «Соның кесірінен құрылыс орта жолда тоқтап қалды», - дейді жауаптылар. Биыл бұл жұмыс жеке инвесторға беріліп, 6 шағын аудандағы 3 мың абонентке газ жеткізілді. Енді жыл соңына дейін 45 мыңнан астам тұрғыны бар қаланы 100% қамту жоспары тұр.
Гүлжан Құрманбекова, Арыс қаласының әкімі:
- Енді бұдан бөлек, Арыс қаласына 6 ауылдық округ қарайды. Ол – Монтайтас, Дермене, Ақ дала, Жиделі, Байырқұм, Қожатоғай. Бүгінгі таңда Жиделі мен Байырқұм ауылдық округтерде газ құрылысы республикалық бюджеттен жүргізіліп жатыр. Ал Монтайтас, Дермене, Ақ дала ауылына жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, қаржы бөлуге ұсыныс берілді. Ол ауылдарға да газ құрылысы жүргізілетін болады.
Биыл Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-қа жуық газ нысанының мәселесі шешілді. Қазір өңір тұрғындарының 78%-і немесе 1 млн 650 мыңға жуық тұрғыны табиғи газбен қамтылған. Жалпы биыл газдандыру жұмыстарына 10 млрд-тан астам теңге бөлінеді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов