Павлодарлық дарынды оқушылар жетістіктерімен қуантып жүр
Павлодарлық оқушылар Дарина Сакимова мен Сұңқар Саун жастайынан ерекше дарынымен көзге түсті, деп хабарлайды 24kz.
Бірі білім қуып, мұхит асса, екіншісі әлемдік аламанда сайыс көркін қыздырды. Дарина 11-сыныпты халықаралық бағдарламамен АҚШ-тың Мичиган штатында оқып келді. Сұңқар батут гимнастикасынан үш мәрте әлем чемпионатына қатысып, жаттықтырушылар назарына ілікті.
Дарина Сакимованың ата-анасы зауытта еңбек етеді. Қарапайым отбасынан шыққан қыз өнер мен білімді қатар алып келеді. Би мектебін бітірді. Арнайы бағдарлама арқылы шетелде оқып келді.
Светлана Прохоренко, сынып жетекшісі:
- Ол жақтан мектеп бітіргені туралы құжаттарын алып келді. Кілең 5-ке оқыған. Қазір мемлекеттік аттестациядан өтіп жатыр. Алғашқы емтиханнан үздік баға алды. Алда тағы экзамендер бар. Өте дарынды бала, шығармашылық жағынан да, білім көрсеткіші бойынша да қатарластарынан озып тұр
Даринаның ұстазы оқушысының «Алтын белгі» иегері болатынына сенімді. Бұл – білімді сынып. Өйткені 26 оқушының төртеуі «Алтын белгіге» үміткер. Ал АҚШ-тың Мичиган штатында оқып келген Даринаның ол жақта көзбен көргені мен көңілге түйгені көп.
Дарина Сакимова, «Алтын белгіге» үміткер:
- Танымды сабақтарға баса мән береді. Тәжірибеге көп көңіл бөледі. Сабақтың ұзақтығы 55 минут. Оқушылардың көбі спортпен айналысады және мектептен тыс уақытта жұмыс істейді. Себебі 14 жастан бастап еңбек етуге рұқсат берілген.
Америка Құрама Штатында мектептің рейтингі оқушылардың спорттағы жетістігіне байланысты анықталады екен. Ал, Павлодардағы №12 мектептің 10-сынып оқушысы Сұңқар Саун мектептің ғана емес Қазақстанның рейтингін әлемдік аренада көтермек. Ол батут гимнастикасынан бірнеше мәрте әлем біріншілігіне қатысқан. Жуырда Азия чемпионатында өнер көрсетті.
Сұңқар Саун, батут гимнастикасынан спорт шебері:
- Менің алдағы жоспарым – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері болу. Қазір олимпиадалық даярлау орталығындамын. Бұл ұйым ресми жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберін орындап, ары қарай еліміздің штаттық құрамасында өнер көрсетсем деп армандаймын.
Бұл спортқа Сұңқар алты жасында келген. Содан бері он жыл өтіпті. Жаттықтырушылар көз алдарында ер жеткен жас спортшының келешегіне үмітпен қарайды.
Олег Белюсенко, батут гимнастикасынан Павлодар облысының бас жаттықтырушы:
- Әлем чемпионатында 11-ші орынды иелену Сұңқар үшін жақсы көрсеткіш. Спортшы біртіндеп шыңдалады. Күрделі элементтерді орындау арқылы тәжірибе жинайды. Ол қазір Қазақстан құрамасындағы көшбасшы спортшылардың қатарында тұр
Батут гимнастикасы олимпиадалық спорт түріне жатады. Павлодарда онымен 250 бала айналысады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков