Таразда орта ғасыр үлгісіндегі қамал салынып жатыр
Тараз қаласының әкімдігі тас қамал салып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Орта ғасыр үлгісіндегі бекініс қорғану үшін емес, туристерді тартуға арналған. Жоба авторлары қорған аумағын ерте заманның архитектурасымен бейнелейді. Қамалды аралаған әр адам көне дәуірде жүргендей күй кешеді.
Мерей Бает, тілші:
- «Ежелгі бекініс» деп аталған жоба шаһардың ең биік тұсында салынып жатыр. Бұл – «Тектұрмас» тарихи-мәдени кешенінің жалғасы. Ортағасырлық қамал 2 гектар жерге орналасады. Жобаны жүзеге асыруға қалалық қазынадан 656 млн теңге бөлінді.
Бекіністегі құрылыс жұмыстары қазір 50%-ке аяқталған. Қабырғасының биіктігі 12 метр болса, ені 2,5 метрге жуықтайды. Туристер жүруге арналған жол да жасалған. Мұнда келген адамдар қамал төбесіне шығып, қала көрінісін биіктен тамашалай алады.
Бекініс сырты тау-тасымен қапталады. Қыр басындағы құрылыста амфитеатр мен қолөнершілер орталығы салынып, тарихи инсталляциялар қойылмақ. «Құрылысқа салынған қыруар қаржыны күні ертең туристер арқылы ақтап аламыз», - дейді жергілікті билік
Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
- Осы жұмыстарды қыркүйектің аяғы қазан айына дейін аяқтауы тиіс. Амфитеатрдың сыйымдылығы 400 адам. Қандай да бір іс шара өткізіп, сол жерде бір кеңестер өткізетін мүмкіндік беретін алаң болады.
Жобаны өлкетанушылар қолдап отыр. Тектұрмас кешені бұған дейін де туристік маршрутқа енген тарихи орындар қатарында болған. «Жаңа нысан киелі жердің маңыздылығын одан әрі арттырады», - дейді олар.
Анна Крокошева, тарихшы-өлкетанушы:
- Бұл аумақтан бұған дейін ежелгі қорымдар табылған. Бұл дегеніміз, біздің Тараз қаласы 2000 жалдан бері осы өз орнында болғанын дәлелдейді. Осы Талас өзенінің маңы ерте кезде де қоныс болған. Тіпті бұл маңнан тастан жасалған аспалы көпірдің іргетасы табылған. Содан Жібек жолымен келген саудагерлер өткен деседі. Бұл жайында XIII ғасырда саяхатшы Чан Чунь еңбектерінде кездеседі. Міне, осындай тарихи орынға туристерді тарту қажет деп есептеймін.
Алдағы уақытта тарихи-мәдени кешен аумағында Атлах шайқасын бейнелейтін қабырға орнатылады. «Мұның бәрі туризм арқылы тарихты танытуға бағытталған шаралар», - дейді мамандар.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә