Таразда барлық экзотикалық ағаштар қурап қалды
Тараз қаласының аумағындағы барлық экзотикалық ағаштар қурап қалды, деп хабарлайды 24kz.
Алып жапырақты талдар 2018 жылы Шығыс Азия елдерінен жеткізілген еді. 100-ге жуығы «Желтоқсан толқыны» аллеясына егілді. Бірақ биыл оның біреуі де бүр жармаған. Сонымен қатар жол бойы мен 6 саябақтағы боз аршалар да қурап кетті. «6-7 жылдан бері жайқалып тұрған талдар, былтыр қыста үсіді», - дейді мамандар. Сәндік ағаштар жерсінгенімен, қыстағы -25 градус аязға төтеп бере алмаған. Жауаптылар қураған талдарға қанша қаржы жұмсалғанын айта алмады. Ал биыл Таразда 40 мың түп ағаш егіліп жатыр. Оған жергілікті бюджеттен 50 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Жасұлан Молдабаев, «Жасыл ел-Тараз» ЖШС бас агрономы:
- 2023 жылдың қысындай аяздар көп жерде айтылды ғой, ондай қара суықтар біраз жылдан бері болған жоқ. Осы жылы мынау ағаштарымыздың барлығын алып тастауымыз керек. Және күзді күнге жоспарлап отырмыз осының орнына біз ұсыныс бердік, бірінші ағаш каштан адан, кейін ясин ағашы. Енді қайсысын бекітеді. Сол ағаштарды осы орындарына ауыстырып ексек пе деп отырмыз.