Сырдария өзенінде су көбейді
Өзен бастауындағы Шардара мен Көксарай реттегішіне бекітілген көлемнен жарты миллион текше метрдей су артық жиналған.
Өңірдегі 7 су қоймасы да жауын-шашын мен қар суының әсерінен лық толды. Шаруалар тіршілік нәрін ысырап етпей егінге үнемді пайдалану жолдарын қарастырып жатыр. Жалпы өткен жылғы суару кезеңінің лимиті 4,2 миллиард текше\метр болып белгіленіп, өңір алқабына соның 57 пайызы ғана жеткен еді. Ал биыл гидромамандардың болжамына сәйкес ылғал мол болады деп күтіліп отыр.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Қазіргі уақытта Шардара мен Көксарай су реттегішінен Сырдарияға секундына 600 текше метр су жіберіліп жатыр. Ол өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2 есеге артық. Негізінен аграрлық салаға бейімделген өңір үшін бұл қуантарлық жағдай. Шаруалар жаздай тіршілік нәрінен қысылмаймыз деген үмітте.
Қайратбек Сәрсенбаев, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы:
- Оның бер жағында Арыс өзенінен бізге биыл жақсы су келді. Түркістан облысында жаңбырдың көп жаууына байланысты аракідік 100-120 текше келген уақыты болды. Бүгінгі таңда 60 текшенің үстінде Арыстан келіп құйылып жатыр. Бекітіп берген болжам жоғары болып тұр. Енді сол орындалып жататын болса сол суды үнемді, есебін қатаң жүргізген жағдайда сонымен де шығып кетуге болады деп есептеймін.
Тіршілігі егінге байланған аймақтың 150 мың гектардан астам алқабын суаратын Сырдария - Арал теңізі қорын молайтатын жалғыз өзен. Сондықтан оның лимиті бөлек бекітілді.
Қайратбек Сәрсенбаев, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы:
- Арал теңізіне құйылатын суды халықаралық комиссияда 997 млн текше метр көлемінде бекітті. Былтыр да сол көлемде бекітілген. Бірақ судың аздығына байланысты ол толығымен орындалып жүрген жоқ. Вегетацияаралық кезеңде яғни өткен жылдың қазан айынан биылғы жылдың сәуір айына дейін 1 млрд 619 млн текше метр бекітілген болатын. Сол 1 млрд 271 текше метр көлемінде орындалды. Яғни 79 пайыз орындалып отыр.
Өңірдегі 7 қойманың біреуі жекенің қолына өтіп кеткен. Қалғаны республикалық және коммуналдық меншікте. Қаратау бөктерінде орналасқан Көлтоған мен Манап су қоймалары апатты күйде тұр. Маңызды гидронысандарды қорғау жүйесі жоқ. Мемлекет басшысының пәрменімен арнайы мамандар тобы жасанды айдындардың техникалық жағдайын жіті зерделеуге кіріседі. Одан бөлек Қараөзек су қоймасы салынады.
Жанна Жұмаева, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- Мемлекет басшысының 2021 жылғы жолдауында республика бойынша 9 су қойманың ішінде Қызылорда облысынан Қараөзек су қоймасы енгізілген. Тапсырыс беруші су ресурстар министрлігі болып табылатындықтан аталған су қоймасының жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Бүгінгі күні су шаруашылығы комитетімен мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын бастау бойынша тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
Жалпы өңірде гидологиялық талдаулар күшейтіліп, су бұру және қорғаныш бөгеттерін нығайту шаралары қарқын алмақ.
Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин