Жезқазғанда жасыл желекті арнаулы мекеме күтімге алды

Жезқазғанда жасыл желектердің күтіміне жауапты мекеме құрылды. Онда 100-ден астам жұмысшы бар, деп хабарлайды 24KZ.

Олар көше бойы мен саябақтардағы өскіндерді күтіп-баптайды. Бұған дейін осының бәрін түрлі мердігер ұйымдар атқарып келген еді. Енді жаңа мекеменің жоспары қандай болмақ? 

Жезқазғанда 4 саябақ пен 16 сквер бар. Оларды жазғы маусымға дайындау ерте көктемде басталған. Қазір жаяу жүргінші жолдары жөнделіп, қураған ағаштар оталды. Таяуда маусымдық гүл егу жұмыстары аяқталады. Бархытгүл мен шырайгүлдер қаланы ажарландыра түспек.  

Эльдар Мейрамұлы, агроном:

- Бәрібір ылғал қажет бұл гүлдерге, ылғал керек етеді. Біздің Жезқазған ыстық қой негізі. Бұны жиі-жиі суару керек. Тыңайтқыштар себу керек. Сондай жұмыстар жасалу керек. Келешекте осы Жезқазғанға қолайлы түрлерін, тағы да әртүрлі гүлдерді егеміз.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында көктемде 10 мыңға жуық жас көшет егілді. Бірақ облыс орталығындағы жасыл желектің жалпы саны белгісіз. Осыған дейін оларды күтіп-баптаумен түрлі мердігерлік ұйымдар айналысатын. Енді бұл міндет жақында құрылған арнайы мекемеге жүктеліп отыр. Олар бірінші кезекте тозығы жеткен суармалы су құбырларын қалпына келтіріп жатыр.

Тілеуқабыл Тәкеев, «Мәдениет және демалыс парктерін басқару» мекемесі директорының орынбасары:

- Қай жерде қандай жұмыс істеу керек, солардың бәрін жазып жатырмыз. Әктеу, сырлау жұмыстары, талдарды баптау жұмыстары жүріп жатыр. Адамдарды алдық, көгалдандыру жұмыскерлері, санитарлық тазалық жұмыскерлері, мамандарымыз бар. Қазіргі таңда жұмыс жақсы жүріп жатыр.

Жезқазғанда гүлзарлар аумағы екі есе ұлғаяды. Қалаға кіреберіс көшелер мен айналма жолдар толық қамтылады. Шамамен 20 мың шаршы метр аумаққа маусымдық гүл егіледі. Бұдан бөлек, орталық көшелер мен саябақтардағы орындықтар, қоқыс жәшіктері жаңарады. Жалпы биыл қаланы абаттандырып, көгалдандыру үшін жергілікті бюджеттен 3 млрд-тан астам теңге бөлінген.

Нұрек Әуезов, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Алғашқыда шамамен 150 дана орындықтар және қоқыс салатын жәшіктер алу жоспарларған. Жалпы саны сметалық құжаттама бойынша орындықтан 150, қоқыс жәшіктен 150.

Жезқазғандықтардың сүйікті демалыс орны – Металлургтер алаңы да жаңа кейіпке енеді. Бұл жұмыстарға 1 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Сазды субұрқақ пен соңғы үлгідегі ойын құрылғылары бар алаң жақында халық игілігіне беріледі.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов.