Өскеменнің келбеті жаңарды

Көне ғимараттардың қасбеті қайта сырланып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Көше бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғасына тұтастай әдемі суреттер салынып, қаланың көркіне көрік қосты.

Бұрын Өскеменнің ішінде мурал салынған үй кездеспейтін. Қазір әр ауданның сәнін кіргізіп тұр. Әткеншек тепкен қыз, қазақтың бойжеткені, ұлт көсемдері мен батырлар. Қарасаң, көз тоятын осы туындылардың авторы – Ержан Танай. Биікте тұрып қылқаламен сурет салып жүргеніне 10 жылға жуықтапты.

Шебер 10-11 қабатты үй сыртына мурал салып машықтанған. Мәселен, мына көк байраққа қараған қызды бейнелеу үшін 3 күн кеткен. 20 литрден аса бояу жұмсалған. Бастысы, күн райы ашық болса болғаны, қалғаны кәсібиліктің еншісінде, – дейді ол.

Ержан Танай, суретші:

- Кәсібилік түрде көре білу. Салып жатқан кезде кенеп бетінде бүкіл жұмысты жақыннан көруге болады, ал бұл жұмысты көру үшін жерге түсіп,  20-30 м арақашықтыққа кетіп, бір-ақ көре аламыз. Не істеп жатырмыз, қай жері қисық деген сияқты. Оның арасында қисық болған кезінде кейбір адамдар суретке түсіріп үлгеріп қалады.

Ұлттық рух ,туған жер тақырыбына арналған муралдар әлі де салынады. Бұдан бөлек, шаһарда осыдан 50-60 жыл бұрын бой көтерген баспаналардың қасбеті біркелкі түске сырланып жатыр. Біреуін бояп, қалыпқа келтіруге шамамен 15 миллион теңге кетеді. Биыл 40 үйдің өңі жаңартылады. Мәселен, көне ғимараттар көп шоғырланған Қазақстан көшесі қазір өзгеше боп өзгеріп шыға келді.

Амантай Бақыт, қалалық тұрғын-үй қатынастары бөлімінің басшысы:

- Неге Қазақстан көшесі? Ең біріншіден, базар бар, Пушкин кітапханасы бар, көлік көп жүретін жер, жаяу жүргіншілер көп жүретін көше. Сол себепті осы көшені таңдап отырмыз.

Үлбінің жағасы да енді адам танымастай өзгереді. Талай жыл арамшөп басып жатқан аумаққа тротуар салынып, әдемі саябақ болады. Марина Ефиненко бұл жолмен жиі өтеді. Қараусыз жатқан жердің жайнаған баққа айналуын асыға күтіп жүр.

Марина Ефименко, қала тұрғыны:

- Бұрын жағалауға жақындап бару қиын еді, қазір, мінеки, тас төселіп, сәні кіріп келеді. Ылғи байқап жүрмін. Осындай демалыс орындары көп болса бізге де. Қала қонақтарына да жақсы ғой.

Күзге дейін 16 аула және 10 балалар алаңы да салынады. Бұл үшін қала бюджетінен 400 миллион теңге бөлінді. Ең бастысы, атқарылатын шаруаның барлығы тұрғындар бақылауында.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.