Елордада балаларға арналған этнолагерь ашылды
Елордада 1500 баланы қамтитын этнолагерь ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Мұнда 1 және 8-сынып оқушыларына ұлттық құндылықтар дәріптеледі. Қыздар ұршық иіріп, жүн түтіп, киіз басуды, ұлдар арқан тартып, асық атуды үйренеді.
Жазғы лагерьге құлшыныс танытып отырғандардың бірі – Әлихан Қаскенов. Ол биыл 3-сыныпты бітірді. Әлихан: «ұлттық құндылықтарды толық танып білуге этнолагерьдің пайдасы зор», – дейді.
Әлихан Қаскенов, лагерьге қатысушы:
- Өйткені кейбір балалар үйінде отырып, телефон көріп отыра береді. Далада ойнамайды, қыдырмайды және де сабақ оқымайды. Ал лагерге келген кезде біз достармен көрісеміз. Далада ойнаймыз, түрлі тапсырмалар орындаймыз. Сайыстарға қатысамыз.
Айта кетейік, дәл осындай этнолагерлер саны елімізде саусақпен санарлық. Мектеп ұжымы бастамасының басты мақсаты – қала жастарын төл мәдениетімізбен терең таныстыру, бойына сіңіру. Себебі қалада тұратын бұл жеткіншектердің барлығында дерлік ауылға баруға, ауыл өмірімен танысуға мүмкіндік бола бермейді.
Жанат Айтова, №88 мектеп лицейінің директоры:
- Балалар мына жерде жүн түтіп, жүн сабаудың, асық ойнауды үйренеді. Қазақтың салт-дәстүрлерін, қазақтың негізгі ұлттық ойындарына көбірек көңіл бөлу – біздің мақсатымыз. Арқан тарту, қазақша күрес, ұлттық бағытта үлкен шаралар өткізеді.
Ұлданай Болысханқызы, тәлімгер:
- Жазғы этнолагерьде балаларымызға ата-бабадан келе жатқан кәсіптің бәрін үйрету. Малдың жүнінен қалай текемет жасалды. Қалай киім жасалады. Жүнді иіріп ұршықпен, қалай киімдер тоқылды. Ши қалай тоқылады. Соның бәрін үйретеміз деп алдымызға жоспарлап, осы әжелер алқасы мақсат қойып отырмыз.
Үш ауысымды лагерь айына 500 баладан, жаз бойына 1500 баланы қамти алады. Лагерьдің ерекшелігі, балаларға ұлт өнерін насихаттау үшін арнайы тәлімгерлер бекітілген. Сондай-ақ ұлттық ойындар ойнатылып, қазақы құндылықтар дәріптеледі.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Ырыстанбек Оспанов.