Семейліктер қаптаған қызыл қоңызбен қалай күресерін білмей әлек

Семейде қызыл қоңыз қаптады, деп хабарлайды 24kz.

Зиянкес жәндіктер қаланың шеткері аудандарындағы тұрғындардың бау-бақшасын жайпап жатыр.

Жергілікті халық қызыл қоңызбен қалай күресерін білмейді. Амалы таусылған жұрт жергілікті биліктен көмек сұрап отыр.

Рүстем Қайратұлы,

- Фазила Айтақынқызының Холодный ключ ауданында тұрғанына 42 жылға жуықтаған. Зейнетке шыққанымен жылда бау-бақша егіп, өнімін базарға сатады. Биыл қаптаған қоңыз жасыл желектің түгін қалдырмай, өнімін жарамсыз қыла ма деп қорқып отыр.

Фазила Айтақынқызы, Холодный ключ ауданының тұрғыны:

- Мынадан өнім де алмаймыз. Мынау сұмдық қой. Бақшадан ешқандай дақыл алмаймыз мынадай түрмен қарасаң. Бұрын мұндай қоңызды көрген жоқпын.Колорад қоңыздары болатын, картопқа ғана қонатын. Ал мынау бәрін жайпап келеді. Қарақат, құлпынай бәрінің жапырақтарын жеп жатыр. Жапырағын жегеннен кейін өнім болмайды ғой.

Жәндіктер көкөністің түрін талғамайды. Бақшадағы барлық өсімдікті тоқтаусыз жей береді. Тұрғындар зиянкестермен күресіп бағуда. Бірақ дезинсекция жүргізілмеген соң нәтиже көрінбейді.

Берік Қабылов, Холодный ключ ауданының тұрғыны:

- Картопты отырғызар алдында көк шөп болып тұрған. Қаптап кетті. Сосын ол жерді қазып тастадым, олар қақпаның сыртына шығып алды.Қалай күресерімізді білмейміз. Қазір енді гүлдей бастайды. Ол кезде дәрілеуге тағы болмайды. Білмейміз енді. Мамандар айтпаса қарапайым халық интернеттен іздеп те мұндай қоңызды таппадық.

Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының мамандары сараптама жүргізгендерін айтып отыр. Қарақұртша қаптаған «рапс жегіш қоңыздар» болып шықты. Жауапты сала өкілдері жәндіктердің ешқандай зияны жоқ деп отыр. Бұған бюджеттен қаржы қарастырылмаған.

Арай Канафина, «Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Абай облыстық филиалының басшысы:

- Күресу жұмыстарын өз күштерімен жүргізуі керек. Жинап ала ма қолмен. Енді улауға да болмайды. Қалада ауылдың ішінде улау жұмыстарын жүргізуге негізі болмайды. Сондықтан әрбір жеке тұлға өзінің огородының маңайындағы қоңыздарын, арам шөптерін өздері жинап отыруы керек.Бұл қоңыз адамға ешқандай зияны жоқ.

Бірнеше апта бұрын қызыл қоңыздар қаптады деп Мақаншы ауданындағы ағайын дабыл қаққан болатын. Жергілікті әкімдік ол кезде аумақты залалсыздандырған еді. Семейде сол шаралар қолға алына ма, жоқ па, ол жағын дөп басып айту қиын.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов