Шымкентте ауқымды сейсможаттығу өтті
Шымкентте жаңа сейсмикалық картасы әзірленіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
«Бұл жер сілкінісінің алдын алуға мүмкіндік береді», - дейді мамандар. Мысалы, жоба арқылы құрылыс нысандарын қай жерде салу керектігін де білуге болады. Ал әзірге төтенше жағдайлар қызметкерлері «Жер-2024» республикалық оқу-жаттығу жинын өткізіп, дайындықтарын пысықтады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Таңғы сағат 10.00. Шымкенттік оқушылар емтиханға дайындалып жатыр. Кенеттен дабыл қағылып, бәрі далаға шығып кетті. Қалада жер сілкінді. Бұл – қаладағы кезекті оқу-жаттығу жиыны. Құтқарушылар балалар мен мұғалімдерді қауіпсіз жерге көшіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Енді табиғи апатты арнайы карта арқылы білуге болады.
Жамбыл Жабаев, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:
- Карта жерасты дүмпуінің нақты қай жерде болатынын көрсетеді. Сонымен қатар құрылысқа болжам жасайды. Өйткені қала бойынша жер сілкінісі 8 балға дейін жетуі мүмкін.
Қазір мамандар тұрғын үй қорын зерттеп жатыр. Олардың айтуынша, қаладағы 100 үйді сейсмокүшейту керек. Бұл баспаналар өткен ғасырда салынған.
Айдын Нашенов, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл үйлер ескі. Сарапшылар олардың іргетасы мен қабырғасын тексеріледі. Оның қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстары жоспарланады.
Биыл бұл мақсатқа қаржы бөлінген жоқ. Әзірге қалалық қызметтер оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, дайындықтарын сынап жатыр. Дайындық шаралары сауда үйлері мен өндірістік нысандарда да ұйымдастырылады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашыбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов