Отандық спорт: 2024 жылдағы тарихи жетістіктер
2024 жыл жалпы отандық спорт үшін жемісті болды. Жыл басында жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада өтіп, қазақстандық қыз-жігіттер тарихи нәтиже тіркеген болатын. Сол жеңіс жолы желтоқсан айына дейін жалғасып, боксшыларымыз керемет жетістіктерімен түйіндеді.
Жылдың басты жетістігі дегенде, әрине, ең алдымен ойымызға Елдос Сметовтің жеңісі келеді. Қазақстандық спортшы дзюдодан ел тарихында алғаш болып Олимпиада алтынын жеңіп алды. Елдостың еншісінде жазғы ойындардың күмісі мен қоласы да бар. Сәйкесінше ол отандық спортта Олимпиада жүлдесін ең көп жеңіп алған атлеттердің қатарына кіреді. Елдос осы жеңісінің арқасында еліміз бойынша жылдың үздік спортшысы атанды. Бұған қоса қазір әлем бойынша да жыл үздіктері анықталып жатыр және Елдос – ол жақта да негізгі үміткерлердің бірі.
Жалпы отандық дзюдо үшін 2024 жыл жемісті өтті деуге болады. IJF дейміз, яғни Халықаралық дзюдо федерациясы ұйымдастырған жарыстарда, оның ішінде Олимпиада ойындары, Азия чемпионаттары, әлемдік Grand Slam және әлемдік Grand Prix сынды байрақты бәсекелер бар, айтпағымыз, қазақстандық қыз-жігіттер биыл осы жарыстарда 60 алтын, 69 күміс және 169 қола жеңіп алып, жыл қорытындысы бойынша алдыңғы ондыққа кірді. Яғни, Қазақстан 150 елдің ішінде 10-шы сатыда тұр.
Париж Олимпиадасы Елдостан бөлек, тағы бірнеше тарихи жетістік тіркелген жазғы ойындар болды. Атап айтқанда, Қазақстан дәл осы жарыста тұғыш рет спорттық гимнастикадан медаль жеңіп алды. 26 жастағы Нариман Құрбанов өз мүмкіндігін сәтті пайдаланып, өте жақсы өнер көрсетіп, күміс жүлдеге қол созды. Тағы бір ұзақ күткен нәтижені нысана көздеу шеберлері әкелді. 10 метрден пневматикалық винтовкамен нысана көздеудің жұптық сынында қазақстандық Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Олимпиаданың ең алғашқы күні ең алғашқы медальды жеңіп алды. Қоржынымызға қола түсті. Нысана көздеу бойынша Олимпиада медалін бұған дейін соңғы рет 1996 жылы жеңіп алған болатынбыз. Бокстан Айбек және Нұрбек Оралбайлардың Олимпиададағы лицензия жеңіп алуының өзі үлкен жаңалық болды. Өйткені егіз спортшылардың жазғы ойындарға қатысуы өте сирек кездеседі. Жалпы Олимпиада ойындарының тарихында Айбек пен Нұрбек 5-ші егіз спортшылар болды. Нәтижесінде Нұрбек Оралбай өз салмақ дәрежесінде, яғни 80 келіге дейнгілер арасында финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды.
Қысқы спорт түрлерінде де тарихи жетістіктер бар. Жыл басында Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында жасөспірімдер арасындағы Олимпиада өтіп, тұғырдан шаңғымен секіру бойынша қазақстандық Илья Мизерных жеңімпаз атанды. Бұл жасөспірімдер арасындағы қысқы ойындардан ел тарихындағы алғашқы алтын. Жас спортшыны сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтады. Илья қазір небәрі 16 жаста. Енді ол 2026 жылы Италияда өтетін ересектер арасындағы қысқы Олимпиадаға дайындалып жатыр және отандық мамандар одан үлкен үміт күтеді.
Қысқы спорт түрлері туралы айтқанда Денис Никишаның да тарихи жетістігіне тоқталып кету керек. Қазақстандық шорт-трек шебері әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды. Дүниежүзілік дода Нидерландының Роттердам қаласында өткен болатын. Денис 500 метрлік қашықтықта өте жақсы өнер көрсетіп, финалда мәре сызығын екінші болып кесті. Енді Денис те осындай керемет жетістікті алдағы Олимпиадада қайталайды деп сенеміз.
Қазақстандық спортшылар жазғы бағыттар бойынша да сенсациялық жеңіске жетіп, тарихи нәтижелер тіркеді. Мәселен, бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында ұлттық құрамамыз 6 алтын жеңіп алды. Бұл өзіндік рекорд. Бұған дейін ең жоғары көрсеткішіміз 2 алтын болатын. Черногорияның Будва қаласындағы дүниежүзілік додада қазақ жастары арасынан Төрехан Сабырхан, Санжарәлі Бегалиев, Боранбек Бексұлтан, Өнер Сейілхан, Елянур Тұрғанова және Аружан Зейноллаевалар чемпион атанды. Дәл осы жарысқа параллель Албания астанасы Тиарана қаласында күрес түрлерінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтті және осы жарыста қазақстандық Нұрқожа Қайпанов жеңімпаз болды. Бұл еркін күрестен ел тарихындағы екінші алтын саналады. Бұған дейін Ризабек Айтмұхан ғана осындай жетістікке жеткен еді. Бұған қоса су спорты түрлерінде де алғаш рет әлем чемпионатының алтынын жеңіп алдық. Қазақстандық Эдуард Ким мен Наргиза Болатова Қатар астанасы Дохада өткен дүниежүзілік додада көркем жүзудің аралас жұптық бағытында ең үздік нәтиже тіркеді. Шахматшы қыздардың да жетістігін атап өту керек. Венгрияның Будапешт қаласында осы спорттың олимпиадасы ұйымдастырылды. Оған 170-ке жуық ел қатысты. Арасынан Қазақстан құрамасы 2-ші орынға тұрақтады. Ел намысын қорғаған Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева және Әмина Қайырбекова бірде-бір ойында жеңілмеді. Бұл күміс жүлде де отандық спорт үшін тарихи саналады.
Тағы бір бұрын-сонды болмаған жетістікке ескек есу шебері Мария Бровкова қол жеткізді. Ол көрші өзбек елінде өткен әлем чемпионатында 500 метрлік жарыста үшінші орынға тұрақтады. Осылайша Мария да ескек есуден ел тарихында алғаш рет әлем чемпионатының медалін жеңіп алды.
Бұған қоса, әрине, ұлттық спорт түрлері үшін де өте жемісті жыл болды. Биыл қыркүйек айында Астана қаласы Дүниежүзілік көшпендіер ойындарын қабылдады. Оған 85 елден мыңдаған қатысушы жиналып, 21 спорт түрі бойынша өзара мықтыны анықтады. Байрақты бәсеке ашылу салтанатынан бастап, соңғы жарыс күіне дейін өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тіпті оның деңгейі Олимпиада ойындарынан кем емес деген баға берілді. Дүниежүзілік дода 6 күнге созылды. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан 114 медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Оның ішінде 44 алтын, 33 күміс және 37 қола бар.
ла бар.