БҚО-да қосымша бақылау бекеттері орнатылады

Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек ауданы Дариян ауылына барар жолға қосымша бақылау бекеттері орнатылмақ, деп хабарлайды 24kz.

Мақсат – шекаралас аймақтарға бейсауат жандардың емін-еркін енуіне жол бермеу. Өйткені соңғы кездері Ауғанстан, Йемен, Иордания, Үндістан және Орта Азия елдері азаматтарының Ресейге, одан әрі Еуропаға бару үшін Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған оқиғалары жиілеп кеткен. Мәселен биыл жыл басынан бері 50 шетелдік шекара бекетін айналып өткісі келген. Ал былтыр осындай кезеңде 30 адам ұсталыпты. Заңбұзушылық екі есеге жуық артқан. Жуырда қолға түскен 5 ауған азаматы өздерін далалық жолмен өткізбек болған делдалдардың 5-7 мың АҚШ доллары көлемінде ақша алғанын айтады.

Қанат Тайыпов, ҚР ҰҚК шекара қызметі БҚО департаментінің басқарма бастығы:

- Құқық бұзушылардың заңсыз көші-қонды ұйымдастыру әрекеттері көбіне шетелден интернет желісі арқылы ұйымдастырылады. Оларға жергілікті азаматтар да көмектеседі. Тек биылдың өзінде шекара қызметі 3 заңсыз көші-қон арнасын анықтады, ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.