Ақтауда «Патриот такси» тегін қызмет көрсетеді

Мемлекеттік рәміздер - ұлттың мақтанышы. 

Осы күні елдің біразы көк туды самалдыққа іліп, болмаса көлігінде желбіретіп жүр. 

Ал Ақтауда «Патриот такси» жүр. Ерекше жобаның авторы осы шаһардың тұрғыны Әлия Исаева. Театр қызметкері әрі қоғамдық ұйым жетекшісі бүгін өз көлігімен халыққа тегін такси қызметін көрсетеді.  

Үнсіз жеткізіп салмайды. Жолаушыларға қазақ елінің тарихы, мемлекеттік рәміздері туралы сұрақ қояды. Дұрыс жауап берген адамға сыйлығы бар. 

- Қазақстан Республикасының рәміздерін білесіз бе?

– Иә, әрине! Біздің көк туымыз, біріншіден. Одан кейін елтаңбамыз ... 

Кезекті жолаушы еліміздің мемлекеттік рәміздерін еш қатесіз айтып берді. Алаш ардақтылары туралы сауалға да мүдірген жоқ. Дұрыс жауап бергені үшін «Патриот такси» жүргізушісі бойжеткенге кәдесый беріп қуантты. Әлияның ерекше көлігі көпшілік назарын өзіне аудартып, тұрғындардың алғысын алған.

Әлия Исаева, "Патриот такси" жүргізушісі:

- «Ой, керемет», «Жарайсың». «Патриот қыз» деп айтып жатқан кезде мен өзім жаным қуанып, жүрегім елжіреп әу баста жылап та алдым. Бұл көлік өзімнің жеке көлігім. Қонаққа барғанмын осымен. Сол барған кезімде көп балалар көлігімнің жан жағына жиналып алды. Бәрі «Қазақстан», «Апай, қандай күшті». «Мен елім меніңді айтайыншы» дейді 3 жасар бала. Қолын жүрегіне қойып, айтқан жатқан кезде мен жыладым. 

Әлия Исаева Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрдың режиссері. Негізгі қызметінен қолы босай қалса, қоғамдық жұмыспен айналысады. Жақында «Патриот бол» жобасын қолға алды. Соның аясында бүгін Ақтауда мәдени-көпшілік шара өткізуді жоспарлайды. Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауды көздейтін бағдарлама аясында қоғамдық көліктерге Қазақстанның көк туы бейнеленді.

Дидар Аушатов, автобус паркінің басшысы:

- Ұлық мейрамда жолаушыларлың көңілін көтеру мақсатында осы жобаға атсалысып жатырмыз. Адамдардың автобуста көңілді отырғанын көрудің өзі бір ғанибет. Көк аспан түстегі қоғамдық көліктер №1, №2, №3 және №5 бағытта жүреді.

Бастама авторы мемлекеттік рәміздер күні тегін такси қызметін пайдаланған азаматтар жайлы бейнетүсірілімді әлеуметтік желілерге таратпақ. Осылайша, қазақстандықтарды өз Отанын сүюге шақырмақ ниетте.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев