Бірқатар аймақта шомылу маусымы басталды

Күн әлі де күреңітіп тұрғанымен біраз аймақта суға шомылу маусымы басталып кетті.

Ия, еліміздің байтақ екенін осыдан көресің. Бір жағында су тасып жатса, бір өңірде жұрт  алаңсыз суға шомылып жүр.

Ендігі бір айтатыны, қатер қайдан демеңіз. Дәл қазіргідей  құбылмалы күн райы мен судың толық жылымауы қауіпті. Былтырғы шомылу маусымында 177 адам суға кеткен. Оның 53-і - бала.

Енді осындай қайғылы жағдай болмас үшін қайтпек керек? Қандай жұмыс атқарылып жатыр? Суға шомылу маусымына дайындық қандай?

Талдықорғандағы қалалық жағажайда Қуат Немеребаев сияқты құтқарушылар таңертеңнен кешкі 8-ге дейін кезекшілік атқарады. Олар тынығушылардың жағалаудан алыстап, терең жаққа жүзіп бармауын қадағалайды. Негізінен балаларды басты назар ұстауға тырысады. Себебі суға шомылып жүргендердің көбі ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдер. 

Қуат Немеребаев, құтқарушы:

- Су суық болғаннан кейін неше түрлі жағдай болады ғой. Сол үшін көп балаларды ата-аналарсыз, қараусыз жібермесе екен дейміз. Төтенше жағдай болмайды сонда. 

Қалалық жағажайға алты құтқарушы бекітілген. Оның екеуі ТЖД қызметкері болса, қалғаны мердігер мекеме өкілі. Сонымен қатар бір медицина қызметкері кезекшілікке түседі. 

Ақжан Төлеубай, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қазіргі таңда суға түсуге жағажайымыз толық дайын. Барлық жағдайлар жасалынған. Кішігірім жөндеу жұмыстары жүргізілді. Адамдары дайын. 

Арыстанбек Төменов, Жетісу облыстық ТЖД аға офицері:

- Облыс аумағында үш су айдыны бар. Талдықорған жағажайы, Балқаш көлінің жағалауы, Алакөлдің жағалауы. Аталған үш орында біздің жедел құтқару станциялары орналасқан. Олар шомылу кезінде күшейтілген режимге көшеді. Яғни суға шомылу маусымына дейін 10-15 адам болса, шомылу маусымында  бір жарым екі есеге дейін өсіріледі. 

Ақмола облысы

Ақмола облысында да шомылу маусымы басталды. Аймақта 80-нен аса  коммуналдық және жекеменшік жағажай бар. Соның 24-ін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері суға түсуге жарамсыз деп таныған. Жалпы өңірде 80 құтқарушы және 40 сүңгуір тынығушылардың қауіпсіздігін  қамтамасыз етеді.

Жанат Асылбеков, ТЖД басқарма бастығы:

- 2023 жылғы шомылу маусымы кезінде 14  адам суға батып қайтыс болды. Соның бесеуі - бала. Қайғылы жағдайлар негізінен ішімдік ішу, балаларды қараусыз қалдыру, жүзе білмеу салдарынан болып отыр.

Биылғы тасқынға байланысты Атырауда суға түсу маусымы әлі ашылған жоқ. Оған қашан рұқсат берілетіні де әзірге белгісіз, дейді саладағылар. Себебі су деңгейі төмендеген жоқ. Күшейтілген кестеге сай жұмыс істеп жатқан құтқарушылар қауіпті жерлерге белгі қойып, өзен бойында рейд жүргізіп жатыр.

Әділхан Жұмалиев, жедел құтқару жасағының басшысы:

- Жайық өзінің деңгейіне, арнасына түскенге дейін өте қауіпті жағдайда болады. Астында кейбір қайраң жерлер қазір жар болып кетуі мүмкін. Қосалқы, бөгде заттар, адамның өміріне қауіпті заттар болуы мүмкін судың астында. Соған байланысты қауіпті деп танимыз.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері қайғылы жағдайлардың көбі үлкендердің салғырттығынан болады, дейді. Сондықтан саладағылар суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов