Оралда Мемлекеттік рәміздер күні мазмұнды шаралармен айшықталды

Мемлекеттік рәміздер күні Орал қаласында да мазмұнды шаралармен айшықталды.

Тұңғыш Президент атындағы алаңда көк туымыз көкке көтеріліп, салтанатты шарада сөз алғандар мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызына, оны пайдалану тәртібіне тоқталды. Көк байрақ, Елтаңба және Әнұран– егемендік пен елдіктің ең басты белгілері, Тәуелсіздікпен тікелей байланысты қастерлі нышандар, дейді. Жиын соңында көктемгі су тасқынының алдын алу мен зардабын жоюдағы еріктілердің еңбегі атап өтіліп, тілсіз жаумен күресте көзге түскен азаматтарға алғыс хаттар тапсырылды. 

Әліби Баяхов, облыстық мәслихат депутаты:

- Мемлекеттік рәміздердің мәртебесінің биік болуы өскелең ұрпақ үшін, жалпы біздер үшін үлкен бақыт деп есептеймін. Себебі қаншама халық, жаңа айтып кеткендей, жер бетінде 1200-дей ұлт болса, соның 200-ге жуығы ғана өз тәуелсіздігі, өзінің жері, Отаны, мемлекеттік рәміздері бар. Сондықтан көк байрағымыз әрдайым биікте көрінсін дейміз!

Елғон Жаналиев, "Бірлік" әзербайжан ұлттық-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:

- Баршаңызды мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Елімізде әрдайым бірлік пен ынтымақ болсын! Еліміздің рәміздері біз үшін – мақтаныш, тәуелсіздігіміздің тірегі. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!