Қазақстанда дарк-туризмге сұраныс артып келеді
Қазақстанда туризмнің жаңа түрлеріне сұраныс артып келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Мәселен, соңғы жылдары Арал теңізінің табанына барып, табиғи апаттың салдарын көруге келетіндер көбейген. Дегенмен елімізде тұмса табиғаты мен сыр тұнған тарихы бар жерлер жетерлік. Саланы дамытуға әлеует те бар. Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр жерге шетелдіктердің қызығушылығын қалай арттырамыз?
Қазақстанда туризмнің бірнеше бағыты дамыған. Саяхатшылар көбіне еліміздің тұмса табиғаты мен ұлттық ерекшелігімізді көзбен көруге келеді. Бірақ бізде шетелдіктерге ұсына алатын туризмнің басқа да түрлері бар. Мысалы, кей жиһанкез түрлі табиғи апат пен оқыс оқиғалар болған орындарға барғанды ұнатады. Елімізде осындай 4 дарк-туризм нысаны бар.
Жұлдыз Рахмет, журналист:
- Бұл – Арал теңізі. Кеуіп қалған жер, яғни. Аралдың экологиялық апаты. Екіншісі – бұл Семей полигоны. Ол жерді де білеміз. Үлкен апат болған жер. Қанша экологиялық ахуал болды. Сонымен қатар мына ГУЛАГ жүйесіне кірген Қарағанды облысындағы Долинка ауылы. Карлаг және АЛЖИР. Мынау өзіміздің Ақмолдағы. Осы жерлерді дарк-туризм нысандары деп қарастыруымызға болады және бүгінгі таңда жалпы шетел азаматтары әсіресе Семей полигоны мен Аралға көптеп келеді.
Бірақ бұл – белгілі бір қызығушылығы бар адамдарды ғана қамтитын туризм түрі. Яғни, бұл саланың дамуы елімізге шетелдік қонақтар ағылуы үшін жеткіліксіз. Сондықтан маркетингке көбірек көңіл бөлінуі керек, – дейді жиһанкез Базарбек Қамысбаев.
Базарбек Қамысбаев, блогер:
- Мысалға, бізбен салыстыруға болатын Әзербайжан да – халық саны да, жалпы даму деңгейі де ұқсас ел. Мысалы, ол жақта формула-1 жарысы өтеді. Жыл сайын оны көруге миллиондаған туристер барады. Біз де сол деңгейдегі үлкен іс-шараларды Қазақстанда өткізуге тырысуымыз керек.
Жақында Дүниежүзілік экономикалық форум туризмді дамыту рейтингін жаңартты. Онда Қазақстан 66-шы орыннан 52-ші орынға көтерілді. Орталық Азия елдері арасында көшбасшы атанды. Қазір Kazakh Tourism мемлекеттің халықаралық аренадағы танымалдығын арттыру бағытындағы жұмыстарға ден қойып отыр. Мәселен, биыл ұлттық компанияның Үндістан нарығы бойынша өкілі тағайындалды.
Әлішер Тұрсын, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының ресми өкілі:
- Жақын арада біздің Нидерланд елінде өкіліміз тағайындалады. Одан бөлек, Еуропаның бірқатар елінде жоспарлы түрде өз өкілімізді тағайындау кезекте тұр. Енді бұл мәселе қазіргі уақытта Швейцария болсын, Португалия болсын, жалпы әлемдегі туризм дамыған ОСР елдерінің, шет елдерде өздерінің өкілдіктері бар. Офистері бар. Сол арқылы елдерді сол туристік аймақтарда, туристік нарықтарда жарнамалап, сол арқылы туристерді тартады.
Одан бөлек, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, өңірлерде туризмді дамыту кеңесі құрылады. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдар мен мүдделі бизнес өкілдері кіреді. Пилоттық жоба алдымен оңтүстік аймақтарда сынақтан өтеді.
Авторлары: Серік селеубайұлы, Бағдат Қайыркен.