Су шаруашылығы саласының ардагері Н. Қыпшақбаев «Отан» орденімен марапатталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен су шаруашылығы саласының ардагері Нариман Қыпшақбаев «Отан» орденімен марапатталды, деп хабарлайды 24KZ.

Маңызды жобалары мен игі бастамалары арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан ардагер бүгінде 90 жаста.

Тоқсанның төріне шықса да, Нариман Қыпшақбайұлы әлі де тың. «Тіршілік нәрі сумен байланысым бала кезден басталды», – дейді ақсақал. 8 жасында шығыр айдап, су тартқан балақай есейгенде мұраптық жолды саналы түрде таңдаған.

Нариман Қыпшақбаев, су шаруашылығы саласының ардагері:

- Жер мен су – Қазақстанның ең үлкен байлығы. Бұл екі ресурс өмірлік. Қалғандары таусылады. Таусылмайтын – осы, өмір жалғасады деген осы екеуіне ғана байланысты. Мен мамандық таңдағанда осыған назар аударып, осы жолмен кеттім.

Қостанай өңірінің тумасы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы иснтитутын инженер-гидротехник мамандығы бойынша тәмамдайды. Еңбек жолын қатардағы гидротехник болып бастаған Нариман Қыпшақбаев алыс елді мекендерді ауызсумен қамтудан бастап, мемлекеттік деңгейдегі жобаларға жетекшілік етті. Мелиорация және Су шаруашылығы министрі болды. Тоқсаныншы жылдардың басында комитетті басқарды. 

Нариман Қыпшақбаев, су шаруашылығы саласының ардагері:

- 1968 жылы мені Семей облысының су шаруашылығының бастығы етіп жіберді. Ауызсуға су жоқ, Семейден 10-20 вагон цистерна тиейді, сол цистернаға су құяды толтырып, Ертістің суын. Арғы беттен жерасты суын таптық, гидрогеологтармен қосылып, содан 300 шақырым водовод жасадым. Ол бәленбай ауыл – Бородулиха, Жаңа Семей аудандарының жерлері. Соның салдарынан Белағаш деген «водопроводын» салдым. Ауылдардың барлығына су апардық.

Тәуелсіздік жылдарында Нариман Қыпшақбаев Су кодексінің жобасын әзірлеуге үлес қосып, Орталық Азия елдері және Ресеймен ортақ трансшекаралық өзендерді басқару, қорғау, пайдалану бойынша мемлекетаралық келісімнің бекітілуіне септігі тиді. Сондай-ақ 2013 жылы қолданысқа берілген қазақ-қытай шекарасындағы Қорғас өзеніне салынған бөгет те Қыпшақбаевтың бастамасымен бой көтерген.

Айтбек Тасыбаев, су шаруашылығы маманы:

- Арал проблемасы бойынша сол жобада бірге жұмыс істедік. Бір ақпараттық база жасайық дедік. Сол жобаға Қазақстан бойынша Нариман Қыпшақбаев жетекшілік етті. Ол кісінің еңбегі өте орасан зор. Бүкіл Қазақстанға келетін өзендердің, мемлекетаралық қатынастарын бәрін келісіп, соның бәрін Нариман Қыпшақбаев жасады.

Нариман Қыпшақбаев жақында 90 жасқа келді. Соған қарамастан әлі де аттан түспей, еліміз үшін аса маңызды су мәселесін шешуде тәжірибесімен бөлісіп, белсенділік көрсетіп келеді.

Нариман Қыпшақбаев, су шаруашылығы саласының ардагері:

- Алматы 12-14 кубометр секундына су алып жатыр қалаға. Қаланың сыртына 6 кубометр лас су шығып жатыр. Ендігі негізгі мақсат – сол лас суды қайтадан тазалау, қайтадан пайдалану. Тазаланған лас сумен жүгері өсіруге болады, шөп өсіруге болады. Ағаш өсіруге болады.

Нариман Қыпшақбаевтың адал жары Нұржамал апай да – су маманы. Ел игілігі үшін еңбек еткен отбасынан шыққан 4 перзенттің бірі Ғани әке жолын қуып, тіршілік нәрі су саласында еңбек етіп жатыр. «Мұның бәрі – менің осы саладағы жарқын ізім», – дейді бүгінде тоқсанның төріне шыққан ақсақал.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов.