Қазақстанда қоқыстың 24%-і ғана қайта өнделеді

Жылына 4,5 млн тонна қоқыс жиналады. Оның тек 24%-і қайта өнделеді, деп хабарлайды 24kz.

Қалғаны полигондарда тау-тау болып үйіліп жатыр. Бұлай жалғаса берсе, қоқыстан қала тұрғызармыз.

Президент қайта өңдеу өндірісін дамыту туралы пәрмен берген еді. Қазір елде бұл қызмет түрімен 94 кәсіпорын айналысады. Қоқысты өңдеп жатқандар да, қол қусырып қарап отырғандар да бар. Олар кімдер?

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Елде 3 мыңнан аса қоқыс полигоны бар. Қарап тұрып қажетсіз заттардан құралған тау ма дерсіз. Қай қалада болмасын иісі қолқаны қабатын үйінділер өңірдің ең өзекті мәселесіне айналған. Ал сол алаңқайлардың 20%-і ғана санитарлық-экологиялық талаптарға сай.

Абылай Алмұқанов, ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаментінің Коммуналдық қалдықтар басқармасының басшысы:

- 20-21%-і ғана экологиялық-санитарлық талаптарға сай келеді.  Неге ондай төмен көрсеткіш деген сұрақ туындайтын болса, бұл дегеніміз олардың ішінде 3 мыңның ішінде ертеректе салынған, яғни Кеңес одағының кезінен бастап. 2007-ші жылғы экологиялық кодекске дейін салынған, яғни бұрын, талаптарға сай келмейтін полигондар.

Бұл мәселе бізде ғана емес, бүкіл әлем елдерінде де өткір тұр. Дегенмен дамыған елдер түйткілді тарқатудың тетігі ретінде қоқысты қайта өңдеу ісін қолға алған. Елде атаулы бағыт кенжелеп тұрған сыңайлы. Жылына 4,5 млн тонна қоқыс қалдығы жиналса, оның тек 23-24%-і қайта кәдеге асады Қазақстанда бұл қызмет түрімен айналысатын 94 өндіріс орны бар. Оның 18-і Қарағанды, 8-і Қостанай облыстарында. 9-ы Шымкент қаласында жұмыс істеп тұр. Қалған аймақтарда да бірлі-екілі өндіріс орны бар. Ал Шығыс Қазақстан, Ұлытау өңірлерінде мұндай кәсіпорындар мүлде жоқ. Қайта өңдеу қарқын алмағаннан кейін полигондар да, ондағы зиянды қалдық қоры да азаймай тұр.

Қоқысты қайта өңдейтін 94 өндіріс орны бар

Абай облысы 2,

Ақмола облысы 4

Ақтөбе облысы 3

Алматы облысы 6

Атырау облысы 4

ШҚО0

Жамбыл облысы 4

Жетісу облысы 3

БҚО 4

Қарағанды облысы 18

Қостанай облысы 8

Қызылорда облысы 6

Маңғыстау облысы 3

Павлодар облысы 5

СҚО – 5

Түркістан облысы – 4

Ұлытау облысы – 0

Астана қаласы 2

Алматы қаласы 4

Шымкент қаласы 9.

Абылай Алмұқанов, ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаменті Коммуналдық қалдықтар басқармасының басшысы:

- Біздің бағыт – полигондардың санын көбейту, дұрыстау емес. Экологиялық саясат осы қалдықтардың айналасында керісінше біз қайта өндеуді, сұрыптауды және бөлек жинауды жүзеге асыру арқылы полигондардың санын азайтуымыз керек. Мәселе сонда. Полигондар әлі күнге дейін, өкінішке орай, бар. Қалдықтар дұрыс сұрыпталмау мәселелері бар. Бөлек жинау дұрыс ендірілмегені, қайта өндеу, инфрақұрылымның дамымау себебінен полигондарға қалдық көміліп жатыр.

Салада салғырттық танытатындар бар. Өткен жылы қалдықтарды қараусыз қалдырған 152 лауазымды қызметкер жауапқа тартылып, оларға 17 млн теңге айыппұл салынған. Биылдың өзінде 29 адам 2,5 млн теңге айыппұл төлеген. Бейберекет қоқыс тастап, қоршаған ортаны ластайтындар да көп. Былтыр 5534 заңсыз полигон табылып, жойылған. Енді жауаптылар жай айтқанға көнбейтіндерге айыппұл көлемін арттыруды көздеп отыр.

Айдар Абдуалиев, ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

- Қазір министрліктің тарапынан әкімшілік жауапкершілікті күшейту мақсатында осы сұрақ көтеріліп жатыр. Біз жауапкершілікті жеке тұлғаға 50 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін көтерейік деп жатырмыз. Ал заңды тұлғаларға 100 АЕК-тен 2000 АЕК-ке дейін көтерейін деп жатырмыз. Бүгінгі таңда  осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Коммуналдық қызметкерлердің жұмысына қараша да болысуға ниетті. Биылдың өзінде «Таза Қазақстан» экоакциясының аясында 745 мың адам 160 мың тонна қоқысты тазалаған. 320 мыңға жуық жасыл желек еккен.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Марат Әріпханов