Теміртауда өңір экологиясын жақсартудың тетіктері талқыланды
Қоршаған ортаны автоматты жүйе әрдайым бақылауда ұстауға тиіс. Осындай заманауи әдіс қолданатын өңірлерде кейінгі бес жылда ауаның ластану деңгейі 15-20%-ке төмендеген. Теміртауға жиылған мамандар осылай дейді, деп хабарлайды 24kz.
Яғни, бақылау нақты дерекке сүйенеді. Елдегі ең экоахуалы нашар қалалардың бірі – Теміртау. Сол себепті мамандар салаға қатысты түйткілді мәселелерді осында талқылап жатыр.
SAF AUA экологиялық бастамасының II өңіраралық форумы аясында көрме ұйымдастырылған. Оған қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларын жүзеге асырып жүрген еріктілер қатысты. Ең кішісі – 10 жастағы Платон Нечаев. Ол ертегі, қысқа әңгімелер жазады. Кітаптары мен сурет салынған жейделерді тек пайда табу үшін сатпайды.
Платон Нечаев, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Кітаптағы әңгімелер мен ертегілерді өзім жаздым. Ал суретін жасанды зейін арқылы салдым. Бұған қоса, жейделерім де бар. Сатқан заттарымның біраз ақшасын қалаға ағаш егуге жұмсаймын. Ағаш көп болса, ауа таза болады, экология бұзылмайды.
Бір тал болсын ағаш егу экоахуалды жақсартуға сеп болады. Қарағанды облысында экологиялық қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған жобалары аясында жыл сайын 1 млн ағаш отырғызып, жасыл аймақ құру мақсат етілген. Сондай-ақ баламалы энергия көздерін салу, кәсіпорындарды газбен жұмыс істеуге ауыстыру, өндірісті қалалардың ауасын автоматтандырылған жүйемен бақылау сынды ауқымды жұмыстар да бар. Осының арқасында өткен жылы ауаға шығатын зиянды қалдық 479 тонна болып, үш жыл бұрынғымен салыстырғанда 18%-ке азайған. «Дегенмен, индустриалды аймақта әлі де болса экоахуал нашар», - дейді мамандар.
Ләззат Рамазанова, экологиялық ұйым өкілі:
- Мақсатымыз – осы экологиялық сұрақтарды экологиясы қиын жерлерде көтеру. Бұл жерлерде орталық органдардан, Мәжіліс, Сенат, министрліктердің шешім қабылдайтын деңгейіндегі қызметкерлерді алып келіп, осы ортақ шешімге келіп, өңірге қолайлы жолды табу.
«Елдегі экологиялық жағдайды жақсартудың тағы бір жолы – өндірістік және тұрмыстық қатты қалдықты игеру. Бұл тікелей ауаның тазаруына айтарлықтай ықпал етеді», - дейді форумға қатысқан халықаралық ұйымдар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері. Жағдайды түзету үшін ел бойынша 230 млрд теңгеден асатын 94 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. 49 қоқыс сұрыптау кешені іске қосылып, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 45 кәсіпорынға жаңа технологиялар енгізілмек.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар