БҚО-да шіркей қаптап кетті
Батыс Қазақстан облысы шіркеймен күресіп әлек, деп хабарлайды 24kz.
Зиянкестер малға да, жанға да маза бермеген соң улау жұмыстарына тағы бір мердігер тартылды. Оған қажетті қаржы төтенше жағдайлар зардабын жою қорынан бөлінеді.
Бірақ әзірге нәтиже болмай тұр. Әсіресе, Жайықтың жағасындағы ауыл тұрғындары күндіз көшеге шығудан қалғанын айтады.
Блиц:
- Міне, бізде деген Ақжайықта мүлдем мүмкін емес. Тауықтардың мұрындары бітеліп, қылқынып жатыр, демала алмайды. Мұндай өмірде болмаған нәрсе. Мал бағу оңай дейсіздер. Мал бағуға мал тұрмай тұр, жан-жаққа қашып. Тығылатын жер таба алмайды.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Бұл бейнежазба Ақжайық ауданындағы ауылдардың бірінде түсірілген екен. Жергілікті жұрт биыл шіркейдің ерекше көп екенін айтады.
Әсіресе, Жайық бойында қанатты қансорғыштар қаптап кеткен. Көктемде су келгенде дарияның ені 7-8 шақырымға дейін жайылған болатын. Соның салдары болса керек, Орал қаласында да жағдай дәл сондай.
Блиц 1:
- Қазір қараңғы түскенде шіркей азаяды, ал күндіз күн ыстықта көшеде жүру қиын. Бетіңді, мойныңды түгел шағып тастайды. Дәріханада не бар соның бәрін жағып жатырмыз.
Блиц 2:
- Бұрынғы шіркейлер көлік ішіне, үйге кірмейтін еді. Биыл тіпті артыңнан қалмайды. Үйдің терезесін ашсаң толып кетеді.
Маса мен шыбын-шіркейді улауға екі жылға 187 млн теңге бөлінген. Соның 105 млн-ы осы жылға қаралған. Алайда бір мердігер үлгермей жатқан соң қосымша тағы бір компаниямен келісім жасалды. Күні бүгін 13 мың гектардай жер өңделді. Улау жұмыстары іңірде, қас қарая жүргізіледі. Мамандар ауылдарға да шығып жатқандарын айтады. Бірақ әзірге нәтиже мардымсыз. «Оның себебі тендердің техсипаттамасында, яғни, масаның дернәсілдерін улау керектігі көрсетілген, ал шіркейлер ұмыт қалған», - дейді дезинфекторлар.
Данияр Базарбаев, мердігер компания өкілі:
- Шіркейдің, яғни, «мошканың» личинкалары уланған жоқ. Бұл дейтін бізде техспецификация қарастырылмаған. Шіркей ол 100 км радиуста ұшып, күніне бір шіркей күніне 300 шіркейдің жұмыртқасын қалдырып, күніне жаңадан миллиондаған шіркейлер ұшуда. Біздер мысалы уымыз, препараттарымыз ауада уламайды, шіркей күндіз ауада ұшып адамға жабысады.
Шіркей жұмыртқаларын суға салады. «Жәндікпен күрес тиімді болу үшін алдымен дернәсілдерін уақтылы улау керек», - дейді мамандар.
Қанат Өмірәлиев, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасы басшысының орынбасары:
- Жалпы біздегі конкурс масаға арналып өткен болатын. Былтыр 2023 жылы ондай бытықана болмады ғой. Қазір Жайықтың жағасына баруға мүмкіндік жоқ. Жайықты улау үшін қыруар қаражат керек. Біріншіден, ұшақпен улау керек болады. Баржа арқылы басқа елдерде улап жатыр, уды ерітіп Жайыққа суға құйып жатыр. Бүгінгі таңда ондай қаражат жоқ.
Энтомологтардың мәлімдеуінше, шіркейлердің шабуылы шілдеге қарай бәсеңсімек. Сол кезде шыбын-шіркейдің қас жауы саналатын инеліктер шығады екен.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылгасов, Э.Аюпов