Жайықтағы су деңгейі төмендеп жатыр. LIVE
Атырау облысында Жайық өзенінің тасуы бәсеңдеді, деп хабарлайды 24kz.
Қазір өзен суының деңгейі облыс орталығында 597 сантиметр болды. Индер мен Махамбет аудандарында да Жайық деңгейі төмендеп келеді. Қазір әріптесім Асланбек Шығыр өңірдегі ахуалды тікелей эфирде баяндауға әзір.
Жүргізуші:
- Тасқыннан зардап шеккен Құлсары қаласындағы жағдай қалай? Тұрғындар үйін жөндеу жұмыстарына кірісті ме?
- Махамбет ауданының Талдыкөл ауылы қауіпті аймақтың бірі болып еді. Ауылға баратын тас жолды су шайып кеткенін білеміз. Қазір ондағы ахуал қалай?
Асланбек Шығыр, тілші:
- Атырау облысы су тасқынының шарықтау шегінен өтіп кетті. Бұл туралы кеше ТЖД басшысының орынбасары Руслан Шариев мәлімдеді. Жайықтың арнасынан асқан су жайылып, көп аумақты су басуына байланысты шаруа қожалықтарына қауіп төнді. Осыған байланысты авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жедел желіге келіп түскен барлық қоңырау жедел өңделіп жатыр. Қазір су басқан аймақта қалған үй жануарларын эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде. Облыстық және республикалық маңызы бар тасжолдарды су басып жатқанын біз бұған дейін де айтқан едік. «Орал-Индер-Махамбет-Атырауды» байланыстыратын Х.Ерғалиев пен «Таңдай- Махамбет» арасындағы жолды да су басты. Дегенмен, жеңіл автокөліктер сол жолдан 10 шақырымдай жердегі айналма жолмен қатынап жатыр. Ал жүк көліктеріне уақытша шектеу қойылған. Қазір тәртіп сақшылары қауіпсіздікті қадағалауда. Су деңгейі төмендегеннен кейін ғана жолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Тасқынмен бергі қазір түрлі қоқыс та келіп жатыр. Қазір өзен арнасын сол қоқыстан, томарлардан тазалауда. «Арнайы автобаза» мекемесінің қызметкерлері осы жұмыстарға жұмылдырылған. Айта кетейік, Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр жерін тереңдету жұмыстары әлі тоқтаған жоқ. Бүгінде 2,5 шақырымнан астам жер қазылған. Соның арқасында тасқын су теңізге кедергісіз кетіп жатыр. Мендегі ақпарат әзірге осы.