Еліміздегі барлық ғимараттың энергиялық тиімділігіне тексеру жүргізіледі

Енді елдегі барлық ғимараттың энергиялық тиімділігіне тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды 24kz.

Ал жылумен қамту орталықтары жіті қадағаланады. Делдалдар мәселесі шешіледі. Қазір «Жылу энергетикасы» өз алдына жеке сала болып бекітілді. Тиісті заңды Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда қабыдады. Құжат сенаторлардың қарауына жіберіліп отыр.

Альмира Оразбай, тілші:

- Елімізді 40 градустық аяз қыспаққа алған кезде әбден тозған жылу қазандықтарының шыдас бермей, жұртшылықты бүрсеңдеткені әлі көптің есінде. Осыны ескерген мамандар бүгінге дейін қараусыз қалған жылу энергетикасын жеке сала ретінде қолға алудың уақыты келгенін айтады. Сондықтан Мәжіліс осыған қатысты заңды мақұлдап отыр. Оның мақсаты – жылу энергетикасындағы мемлекеттік бақылауды күшейту.

Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР ПарламентІ Мәжілісінің депутаты:

- Жалпы мына жылыту саласына түгел сол жерде баптар қарастырылған: қалай, қай кезде, қандай шарттармен, қандай мөлшерде, жауапкершілік, сол жерде қарастырылған.

Енді орталықтар мен желілердің қыс мезгіліне дайындығын бұрынғыдай әкімдіктер емес, Энергетика министрлігі қадағалайтын болады. Сондай-ақ әр нысан жылыту маусымына әзірлік паспортын уақытында алмаса, айыппұл төлейді. Бұрын 30 айлық есептік көрсеткіш болса, жаңа заңға сәйкес оның көлемі 1,5 мың болмақ.

Илья Рожков, ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

- Қазір электр станцияларына қатысты саясатты Энергетика министрлігі, ал қазандықтар мен жылу желілері бойынша саясатты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі айқындайды. Ал осы заң толыққанды қабылданған соң бұл саладағы барлық бақылау Энергетика министрлігіне өтеді. Осылайша, аудандар мен қалалардағы жылумен қамту мәселелерін кешенді шешуге мүмкіндік болады.

Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар электр энергиясы нарығының құрылымынан шығарылады. Осылайша, мемлекет делдалдар мен алып-сатушыларды жояды. Сөйтіп, тариф бағасы реттеледі.

Илья Рожков, ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұл заң жобасы, нормативтік құқықтық актілер тұрғысынан, өнімсіз делдалдарды жоюды көздейді. Мұндай қадам, ең алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасы екенін айтуымыз керек. Мәселен тарифтерде дифференция бар. Қазір оны реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Соның аясында сәуір айынан бастап реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың лицензиялары тоқтатылып отыр. Сондай-ақ олардың жүйелік қызмет көрсететін «Кегок» компаниясымен қатынасы аяқталды.

Қазір еліміздегі жылу және электр желілерінің біршама пайызға тозығы жетіп отыр. Ал жылу қондырлығарының ескіруі 60%-ке асады. Мәжіліс қабылдаған заң да осы мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталады. Қазір құжат сенаторлардың қарауына жіберілді.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ақылбек Есімсейітов