Жылу беру маусымына дайындық: кешіккендерге айыппұл 10 есе өседі
Жылу беру маусымына дайындық кестеден кешіккен жағдайда энергия нысандарына төлқұжат беру мәселесі қатаңдатылды, деп хабарлайды 24kz.
Айыппұл көлемі 10 есе көбейеді. Осы ретте Қарағанды қаласындағы қысқа дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Бұл – қаладағы ең үлкен №3 жылу энергия орталығының 5-і қазандығы. Өткен қыста мұнда ақау шығып, 6 тәулік бойы тоқтап тұрған еді. Орталық негізінен 7 қазандықпен жұмыс істейді. Енді біреуі қосымша тұрады. «Тағы бір қазандық істен шыққанда жаңдай мүшкіл болар еді», - дейді мамандар.
Флюр Гарипов, серіктестік директоры:
- Бізде өзге қосымша қазандық жоқ. Біреуінен жай ақау шықса оны суытып, жөндеуге кірісу үшін кемі 12 сағат уақыт кетеді. Бұл өндірсті қала үшін үлкен тәуекел. Алдағы жылыту маусымында мұндай жағдай қайталанбасын деп қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіп жатырмыз.
Биыл кеншілер қаласының жылу беру маусымына дайындыққа 21 млрд-тан астам теңге бөлінген. Қазір оған №1 және №3 жылу энергия орталықтарында жөндеу жұмыстары жасалуда. Негізгі жұмыстар №3 жылу энергия орталығында жүріп жатыр. Мұндағы екі қазандық пен 2 турбина қалыпқа келтірілуде. Өңірдегі барлық жылыту нысандарында дайындық қызу.
Еске салсақ, былтыр жылу беру маусымына Теміртау қаласының энергия нысандары кешіккен еді. Енді мұндай жағдай қайталанса, жаза қатаң болады.
Ернар Хасенов, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департамент басшысы:
- Жалпы қазіргі уақытта қысқа дайындық төлқұжатын алмағаны үшін штраф салынады. Ол – 150-300 МРП. Бірақ қазір тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Осы штрафтың көлемі 10 есе ұлғайды. Неге десеңіз, ол алдағы жылыту маусымына сапалы әрі уақытылы дайындау мақсатында.
Жыл өткен сайын қала үлкейіп келеді. Жаңадан салынған тұрғын үйлер аумағына №3 орталықтан құбыр тартылып жатыр.
Рүстем Қожақапанов, қала әкімінің орынбасары:
- Жылу құбырының ұзындығы 24 шақырым. Осы жылға бүкіл ақшасы қарастырылған. Жалпы сомасы 40 млрд теңгеден астам. Биылға толығымен игеріледі деген жоспарымыз бар.
Жалпы өңірге қарасты барлық 7 аудан мен қалаларда жылу маусымына дайындық жіті назарда. Энергиямен қамту орталықтарына отын жеткізу мәселесі де бақылауда.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар