Су тасқыны: қазақстандықтар құрылыс қарқынын онлайн бақылай алады
Көктемгі тасқыннан зардап шеккен қазақстандықтар салынып жатқан үйлердің құрылысын онлайн бақылау алады, деп хабарлайды 24kz.
Қазір еліміз бойынша 50 камера орнатылды. Жұмыс барысын тәулік бойы тікелей көруге мүмкіндік береді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Петропавл қаласының тұрғыны Александр Корчиганың баспанасы тасқыннан кейін тұруға жарамай қалды. Ол комиссия қабылдауында болып, жаңадан салынып жатқан жер үйді таңдады. Енді құрылыс барысын телефон арқылы бақылап отырады.
Александр Корчига, қала тұрғыны:
- Міне, бәрін телефоннан көріп тұрмын. Құрылысшылар жұмыс істеп жатыр, техникалар жүр. Өте ыңғайлы. Жұмыс барысын өзім де барып көргем. Сапасы көңілімнен шықты.
Онлайн жүйе су басқан Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында іске қосылды. Бақылау камералары құрылыс алаңына орнатылды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Петропавлдағы Солнечный-2 ықшам ауданында осындай екі камера орнатылған. Енді тасқыннан зардап шеккен тұрғындар құрылыс барысын онлайн телефон арқылы бақылай алады.
Құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Қазір Петропавлда зардап шеккендерге 700 үй салынып жатыр. Демеушілердің көмегімен спорт алаңдары мен балабақша да тұрғызылады.
Майгүл Елемесова, құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:
- 90 орынға есептелген балабақшаның да құрылысы басталайын деп жатыр. Оған инвесторлардан 500 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оның құрылысы қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда құрылысқа арналған жұмыстар дайындалып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында 1720 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Қалған баспаналар бойынша тұрғындарға өтемақы төленіп, жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков