Екібастұз жылу орталығын жаңартуға 3,4 млрд теңге бөлінеді
Үкімет Екібастұз жылу электр орталығын одан әрі жаңғыртуға резервтен 3,4 млрд теңге бөледі.
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Енді Екібастұз ЖЭО-ның төрт қазандық агрегатын күрделі жөндеуге және сол жерде тұндырылған су магистралін салу үшін Павлодар облысының бюджетіне қосымша қаражат аударылады. Былтыр Үкімет резервіндегі қаражат есебінен 5 су жылыту қазандығы мен жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту маусымы еш іркіліссіз өтті. Еске сала кетейік, бұған дейін Үкімет резервінен Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларының жылу көздерін жаңғыртуға 16 млрд теңге, Риддер жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңгеден астам және Көкшетау қаласына 816 млн теңге бөлінген еді. Ал биыл бұндай жұмыстар еліміздің өзге де қалаларында жоспарланып отыр.