Ойын бизнесіне тосқауыл
Біздің елде бұдан былай онлайн-казино ұйымдастырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Яғни ойын бизнесін қыздырғандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бүгін Мәжілісте ойын бизнесіне тосқауыл қоятын заң екінші оқылымда мақұладнып, Сенатқа жолданды. Бұған қоса, байланыс операторларына құмар ойындардың жарнамасы бар хабарламалар жіберуіне тыйым салынды. Сондай-ақ букмекерлік кеңселер мен казиноларды жарнамалауға шектеу қойылды. Құжат бұған дейін бірнеше мәрте қоғамдық диалог алаңдарында, Парламент қабырғасында да кеңінен талқыланған болатын.
Елімізде 400 мыңдай адам букмекер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Бейресми ақпарат бойынша былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы 1 триллион теңгеге жеткен. Тіпті несие алып, соңғы тиынын ойынға салғандар қатары азаймай отыр. Бұл мәселеге Президент Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да, Ұлттық Құрылтайда да бірнеше мәрте тоқталған болатын.
ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
«Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады».
Қазір құмар ойындар жұртшылыққа оңай қолжетімді бола түсті. Ойын ұйымдастырушылар интернетті де жаулады. Депутаттардың дерегіне жүгінсек, кейінгі екі жарым жылда еліміздегі әрбір бесінші адамның ойынға әуестігі анықталған. Ойын бизнесіндегілердің қалтасы қалыңдағанмен, оған келгендердің жағдайы мүшкіл. Шаңырақтың шайқалуына да көбінде лудомания тікелей себеп болып отыр. Ал заң жобасында әуелі құмар ойынды жарнамалауға тыйым салынбақ.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң аясында құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға шектеу қойылған адамдардың тізімі анықталды. Құмар ойындарға өзіне-өзі тыйым салудың мерзімі бір жылдан 10 жылға дейін ұлғайтылды. Енді, өзіне тыйым салынған мерзімді ерте тоқтату мүмкін болмайды. Егер адам ойнағысы келсе де, ойнай алмаса да – бұл оның жауапкершілігі. Өйткені ол өзін өзі шектеу құжатына қол қойған кезде барлық заңды міндеттемелерді саналы түрде қабылдаған.
Лудомания қазір қоғамның сыздаған жарасына айналды. Одан құтылудың бірден бір жолы - заң. Ал мамандар лудомания шегінен шығып, тәуелділікке бой алдырған жағдайда дертке айналады деп отыр. Яғни адамды психикалық ауруға душар етеді.
Балабек Сақтағанов, психолог:
- Психологияда психологиялық ауру болып табылады. Ауытқу емес, кәдімгі ауру. Лудоманияға түсіп кеткен адамдар міндетті түрде емделу керек. Мамандарға, психологтарға келіп, «емделемін» деген қадамының өзі адамның өз әрекетінің дұрыс емес екенін және жан-тәнімен беріліп кеткенін түсіну емделудің алғашқы қадамы болып табылады.
Сонымен қатар заң бойынша мемлекеттік қызметшілер, әскерилер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен бюджеттік ұйымдардың басшылары бәс тіге алмайды. Оларға ешқандай ескерту болмайды. Яғни бәс тіккен жағдайда бірден жұмыстан шығарылады.
Айнұр Қуатқызы