Оралда тасқыннан зардап шеккен 6 отбасына пәтер берілді
Кеше үй-жайы, дүние-мүлкі суда қалып, тасқыннан зардап шеккендердің алды бүгін жаңа үйге кірді, деп хабарлайды 24KZ.
Орал қаласында 1 500 саяжайға техникалық тексеріс жүргізіліп, оның 80%-і тұруға жарамсыз екені анықталған. Ал бау-бақша серіктестіктеріндегі 8 мыңдай үйдің 3 мыңға жуығы – тұрғындардың паналап отырған жалғыз баспанасы. Қазір тасқыннан зардап шеккен жұртқа жаңа пәтер беріліп жатыр. Кеше облыс орталығында 52 пәтердің кілті тапсырылса, бүгін тағы 6 отбасы қоныстойын тойлайды.
Констанция Батырғалиева, қала тұрғыны:
- Президентке көп-көп рақмет. Алғыс айтып жатырмын. Бізде бірінші саяжайда үй болды ғой, суға кетті. Эвакопункте жүрдік, екі ай жүрдік. Бір бөлмеде балалармен ыстық, сыймайды ғой. Қуанып жатырмын. Сөзбен айтсам, жылағым келеді.
Мереке Сұрағанов, компания өкілі:
- Тұрғындарды баспаналы болуымен шын жүректен құттықтаймыз. Бүгін біз зардап шеккендерге 6 пәтер алып бердік. Келесі пәтерлердің кілтін 31 маусым тапсырамыз. Жалпы үйлері суға кеткен 264 оралдық отбасын баспанамен қамту жоспарымызда. 20 тамызда бұл жұмыстарды толық аяқтаймыз. Қазір ол үйлердің жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.