Орманға күзет күшейді

Елді әбігерге салған тасқынның беті қайтты. Ендігі мәселе – өрттің алдын алу.

Былтыр Абай өңірінде, оның алдында Қостанай облысында болған алапат өртті ұмытқан жоқпыз. Синоптиктер: «алда күн қатты ысиды», – деп отыр. Сол себепті құтқарушылар қырағылықты күшейтті. Мамандар әсіресе орманға алаңдайды.

Жаз шыққалы орманды қызыл жалыннан қорғау мәселесі өткір тұр. Жыл басынан бері 33 мәрте өрт шыққан. «Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 4,5 есе аз», – дейді мамандар. Алайда «Қазгидромет» алдағы күндері күн ысып, өрттің қаупі күшейетінін болжап отыр.

Сымбат Өсер, «Қазгидромет» РМК І санатты инженер-синоптигі:

- Маусым айында Қазақстан аумағының басым бөлігінде жоғары температуралық фонның болжамы, жауын-шашынның норма шамасында және одан аз болжануы өрт қауіптілігінің туындауына, ал республиканың оңтүстік-батысында және оңтүстік өңірлерінде жоғары және төтенше өрт қауіптілігінің туындауына жағдай жасайды. Ауа температурасының солтүстік, орталық және шығыс облыстарда күндіз 20-25 градустан 30-38 градусқа дейін, ал батыс, оңтүстік өңірлерде 25-30 градустан 34-39 градусқа дейін ауытқуы болжанып отыр.

Ал өрт сөндірушілер тас-түйін дайын екендерін мәлімдеді. Ел көлемінде 50 мың адам мен 10 мыңнан астам техника кез келген уақытта өртке қарсы жұмылуға әзір. Сонымен қатар бұл жұмыстарға әуе күштері де тартылады.

Марғұлан Аманбаев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары:

- «Қазавиақұтқару» авиациясының 19 борты тұрақты дайындық режимінде тұр. Оның 9-ы су төгетін құрылғылармен жабдықталған. Өткен жылы су төгетін құрылғылары бар Төтенше жағдайлар министрлігінің 14 табиғи өртті сөндіруге қатысып, жалпы 5 мың 700 тонна су болатын 1900 астам цикл орындалды. Қазіргі таңда аэровизуалды барлау үшін 120 дрон дайын тұр.

Министрлік орман күзетіне ерекше мән беріп отыр. Елдегі орман шаруашылықтарында күзет қызметтері құрылды. Бұл қызметтер жаз бойы тұрақты түрде рейд жүргізеді. Осы күнге дейін өрт қауіпсіздігін сақтамаған 1000-ға жуық адамға 10 млн теңге айыппұл салынды.

Авторы: Нұрқанат Қанапия.