Шомылу маусымы: жылына 200-ге жуық адам суға кетеді

Елдің көп аймағында күн әлі күреңітіп тұрғанымен, оңтүстік өңірдегі жұрт көкөніс жинап, суға шомылып жүр, деп хабарлайды 24KZ.

Осы шомылу маусымы енді ғана басталғанмен, суға кетіп жатқандар бар. Оның ішінде бала көп. Бұл мәселе үлкендер арасында да өзекті. Жылына 200-ге жуық адам суға кетіп, опат болады.

Жаз шықты дегеннен құтқарушылардың жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Аптап ыстықтан қажыған халық жағажайларға ағыла баратыны – жылдағы әдеті. Арнайы орындарға шомылса игі ғой, тыйым салынған тұсқа суға түсіп, талайлардың ажалы ағын судан келді. Өткен жылы 177 адам суға батып кетті. Оның 53-і – бала. Биыл да оңтүстік өңірлерде күн ерте жылып, тұрғындар шомылу маусымын ерте бастады. Осының өзінде 23 адам суға кетті.

Ерасыл Сайпаш, ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері:

- Жыл басынан бері, яғни бүгінгі күнге дейін 23 адам, оның жетеуі жасөспірімдер суға батып қаза тапты. Ал шомылу маусымы кезеңінде, яғни 1 маусым аралығында 5 адам, оның төртеуі – балалар. Атап айтсақ, Қызылорда облысында 2 бала суға батып, қаза тапты. Шығыс Қазақстан облысында 1 бала, Маңғыстау облысында 1 бала және Қарағанды облысында бір ересек адам.

Әсіресе Түркістан, Алматы, Абай облыстарында бұл мәселе өте өзекті. Ал биылғы қайғылы жағдайлардың дені Жамбыл, Атырау, Түркістан облыстарында тіркелген. Төтенше жағдай министрлігінің мамандары  көбінде халықтың ескертуге құлақ аспайтынын айтады. Биыл да түсіндірме һәм тыйым салу жұмыстарын ертеден кірісіпті.

Ерасыл Сайпаш, ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері:

- Алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылып, жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңға дейін 4 мыңнан астам рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Соның барысында 500-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 5115 тыйым салу белгілері орнатылды. 3 мыңға жуық ақпараттық бұрыштар, 2 мыңнан астым радиода сөз сөйлеу, мыңнан астам теледидарда эфирлерде осы тақырып талқыланған болатын.

Балалардың дені үлкендердің бақылауынсыз шомылғандықтан суға кетті. Ал ересектер ше? Құтқарушылар қайғылы жағдайдын көбінде азаматттар ішімдік ішіп суға түскенін айтады.

Жанат Бақытқызы, Астана қаласы Сарыарқа аудандық полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің бастығы:

- Қоғамдық орында ішімдік ішкен азаматтар анықталатын болса, олар полиция басқармасына жеткізіліп және әкімшілік жазаға тартылады. 440-бап бойынша. Олардың масаңдығы тарқағанша олар полиция бөлімінде болып және де ол әкімшілік жазаға тартылады.

Алдымызда 3 ай жаз. Кеше ғана оқу маусымын тәмамдап, жазғы демалысқа шыққан оқушылардан қауіп көп. Құтқарушылар ата-аналардан балаларын бақылауды күшейтуді сұрайды. Әйтпегенде, жазым аяқ астында.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Мұрат Әріпханов.