Атырауда маса қаптап кетті

Мұнайы мен қызыл балығы әлемге мәшһүр атыраулықтар масаның алдында әлсіз. Кішкентай қансорғыштар биыл тіптен күшіне мінген, деп хабарлайды 24KZ.

Ал масаны улау жұмыстары наурыз айында басталуы керек еді. Бірақ жергілікті билік тендерді қазір үшінші рет өткізіп жатыр. Мердігер мекеме 13 маусымда ғана анықталады. Ал әзірге дезинфекцияны демеушілердің қолдауымен жүргізіп жатыр.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Маса улау жұмыстары биыл кеш басталды. Дезинфекциялайтын мекеме 27 мамырда ғана жұмысқа кіріскен. Онда да демеушілердің қаражаты есебінен. Ал жергілікті бюджеттен бөлінетін 100 млн теңгеге жұмыс істейтін мердігер әлі анықталмады.

Қазір қала аумағында 4 бригада маса улау жұмыстарына жұмылдырылған. Бүгінде Вокзал маңы ықшамауданы, Балықшы және Авангард, Тұрғындар қалашығы мөлтекаудандары залалсыздандырылған. Мамандар: «маса улайтын химиялық қоспаның қоршаған ортаға зияны жоқ», – дейді.

Гүлсара Қажыбекова, жәндіктерді улауға жауапты мекеме басшысының орынбасары:

- Әр препараттың тонналық суға қосатын өзінің мөлшері бар. Сол бойынша жасағаннан кейін ол зертханада эксперименттен өтеді. Қазір біздің қолданып жатқан растворларымыз ешқандай қоршаған ортаға, адамға, ит-мысық, жануар дегенге зияны жоқ.

Қала тұрғындары биыл қансорғыштардың жылдағыдан көп екенін айтады. «Кешке көшеге шығудан қалдық», – дейді олар.

Сауалнама:

- Қала бойынша маса көп. Жаға жақта тіптен. «Набережный» жүргізбейді масадан. Маса, мошкара дегендер көп. Су келуіне байланысты болар масаның келуі. Ол бізге беймәлім.

- Өзім Дамбыда тұрамын. Ол жақта маса көп. Қалада маса бар. Әсіресе Авангардта бар.

- Жыл сайын улайтын. Енді ешқандай іс-шаралар жүргізіп жатқан жоқ. Қазір қуып жүріп шағады.

- Жилгородок жақта тұрамын. Маса қалада көп. Көп шағады.

«Маса улау жұмыстары олардың дернәсіл кезінде улануы керек», – дейді мамандар. Ал жергілікті билік мердігер: «мекемелердің құжатындағы қателіктің кесірінен кеш қалып отырмыз», – дейді.

Темірлан Әубәкіров, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Мердігер мекемелер тарапынан конкурстағы талаптарға сәйкес келмеуі тұрғысынан қайта тендерді жариялау болып отыр. Бүгінгі таңда үшінші рет біз жариялаған болатынбыз. Осы маусым айының 13-інде қорытындысы күтіліп отыр. Жертөлелерді улау жұмыстарын жұргіземіз. Екінші кезеңде ашық көз су алаңдары дейміз, мына Ерік-Мостовой каналдарының бойындағы улау жұмыстары, сонымен қатар саябақтарды улау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мердігер анықталғаннан кейін қалада маса улау жұмыстарына 6 бригада жұмылдырылады. Биыл қансорғыштармен күреске 100 млн теңге қарастырылып отыр. Ал былтыр бұл жұмыстарға 50 млн теңге жұмсалған. «Қыруар қаржы бөлінгеннен кейін маса улау жұмыстары жүйелі жүрсе», – дейді тұрғандар.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.