Қызылорда облысында егістікке жаңа технологиялар енгізіліп жатыр

Қызылорда облысында ағын суды үнемдеу үшін шаруашылыққа жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Мамандар: «Күріш алқабына тыңайтқышты дронмен сепкен тиімді», – дейді. Жүгері мен жоңышқаны жаңбырлатып суарудың да артықшылығы көп.

Бұған дейін егін алқаптарына тыңайтқыш жеңіл ұшақ немесе дельтапланмен себілетін. Алайда мұндай әуе көлігін кез келген уақытта пайдалану қиын. Күн райы қолайсыз болса, ұша алмайды. Бұл егіннің өнімділігіне теріс әсер ететіні белгілі. «Шаруаларды толғандырған түйткіл дронның көмегімен шешімін тапты», – дейді агрономдар.

Жәнібек Кәрімов, агроном:

- Қызылорда облысында жел көп болады бізде. Осындай желді күндері дельтаплан ұша алмайды. Кешке қарай басылған кезде біз дронмен таң атқанша сеуіп ала аламыз. Ал дельтапландар ондай себе алмайды түнде. Екінші жағынан қауіпсіздік жағынан да жақсы. Ұшқышсыз ұшады.

Қызылордалық шаруалар тыңайтқышпен қатар ағын суды да үнемдеуге кірісті. Ол үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару құрылғысын қолданып жатыр. Соның бірі Қазалы ауданында іске қосылды.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл жерде 239 гектар жерге жүгері егілген. Оған жаңбырлатып суару технологиясы қолданылып отыр. Бір қызығы, мұнда небәрі 5 адам ғана жұмыс істейді. Ал суармалы суды 10 есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік туды.

Әлім Қашқынбаев, бригадир:

- Осы 239 гектар жерге бір сағатта 780-790 куб су пайдаланамыз. Оны гектарға шаққанда 4 куб суға да жетіңкіремей қалады. Өте тиімді. Жылдағы өнімге қарағанда түп саны, жалпы егістің тегіс шығуы көңіл тоярлықтай. Енді балапанды күзде санаймыз.

Айта кетейік, биыл аймақта 4 мың гектардан астам егінге су үнемдеу технологиясы қолданылады. Мал азығымен қатар бақша дақылдарын және алма бағын да тың агротехнологиялар арқылы өсіру қолға алынды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.