Артық жүк тиелген көліктер жол сапасын нашарлатып жатыр

Тиісті нормадан артық жүк тиелген техникалар автожолдардың сапасын нашарлатып жатыр. Көлік министрлігінің мамандары осылай дейді.

Олар трассалардың бойында бақылау жүргізіп, заңбұзушылықтарды жиі анықтайды. Жауапкершіліктен жалтарған жүргізушілердің кейбірі полиция қызметкерлеріне де бағынбай, қашуға тырысқан.

Бұл – Астана-Қарағанды тасжолы. Бақылау бекетінде мамандар ауыр техникалардың әрқайсысын тексеріп жатыр. Арнайы құрылғылар көліктегі жүктің салмағын санаулы секундта есептеп шығарады. Соның нәтижесінде жүргізушілердің көбі тиісті талаптарды сақтамағаны анықталды.

Ислам Дулатов, жүргізуші:

- Бабатайдан шықтым. Тас зауытынан келе жатырмын, тас жүктеп қалаға. Жалпы 30 тонна. Негізі 25 болу керек. Енді штраф салады, не істейді. Машина өзімдікі ғой, өзім төлеймін.

Абай Еламан, көліктік бақылау инспекциясының бас маманы:

- Алдыңғы бөлікке жүк шыққан жоқ. Артқы бөлікке 16 тонна болады. Ал бұл жерде көрсеткіш 35 тонна шығып тұр. Әрі қарай жіберілмейді.

Ал тексеріс барысын алыстан байқаған кейбір жүргізушілер бекетке жетпей аялдап, жүкті өлшетуден бас тартты.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Қазір жүк көліктері жолдың жиегінде тұр. Комитет мамандары оларды жібермес үшін дөңгелекке арнайы жабдық тағып жатыр, мінекей. Ал жүргізушіні таппадық. Ол мемлекеттік номерді алып, кетіп қалған.

Тиісті шара қабылдана бастағанын көрген жүргізушілер көлігін оталдырып, қаша жөнелді. Тіпті полиция қызметкерлерінің ысқырығын да пысқырмады.

Жыл басталғалы бері көлікке артық жүк тиеген 700-ден астам адам жауапқа тартылған. Қазір күрежолдарда 43 жылжымалы бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Алайда барлық ауыр техниканы тексеруге бұл жеткіліксіз. Сондықтан Үкімет 2025 жылдың соңына дейін 220 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнатуды жоспарлап отыр.

Ғани Салмаев, ҚР Көлік министрлігінің басқарма басшысы:

- Бұл шарамен біз ауыр салмақты автокөлік құралының жол жүруін бақылау мәселесін шешу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту жоспарланып отыр. Яғни, бұзушылықты онлайн автоматты түрде тіркеп, айыппұл адамның қатысуынсыз «Сергек» қағидасы бойынша рәсімделетін болады. 40 МРП-дан басталады, 1 000 МРП дейін.

Қазірдің өзінде пилоттық жоба ретінде Астананың кіреберісіне 6 автоматтандырылған өлшеу станциясы қойылды. Оның көмегімен 21 мыңнан астам ауыр техника қалаға кіргені анықталса, соның 15 мыңы тиісті талапты сақтамаған.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Абдулхамит Бөлекбаев.