Үйінде жанжал шығарған 45 мың адам жауапқа тартылды
Биыл 4 айда 45 мың адам үй-ішінің берекесін алғаны үшін жауапқа тартылды. Бұл былтырғымен салыстырғанда үш есе көп.
Ішкі істер министрлігі келтірген көрсеткіш – осы. Ал сарапшылар бұндай заңбұзушылықты төмендетуге жаңа заң сеп болатынын айтады.
Ұрып-соғып, денсаулыққа жеңіл зардап келтіру бабы бірнеше жыл бұрын Қылмыстық кодекстен алынып, Әкімшілік кодекске енгізілген еді. Сарапшылар осы уақыт аралығында тұрмыстағы зорлықтың күрт өскенін айтады. Тіпті аса қатыгез сипаттағы әлімжеттік белең алып кеткен.
Мүслім Хасенов, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі:
- Бұдан былай материалдық-қаржылық тұрғысынан кіріптар отбасы мүшесінің денсаулығына жеңіл зардап әкелетін әлімжеттік дерегі бірден қылмыстық іс қатарына қосылады. Сонымен қатар істі қозғау үшін қоғамдық айыптау жеткілікті болмақ. Яғни зардап шеккен адамның полицияға арыздануы міндетті емес.
Демек әлеуметтік желіде зорлық дерегі жарияланса немесе көршілері қоңырау шалып, шағым түсірсе, тәртіп сақшылары бірден қылмыстық іс қозғайды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл қаңтар-сәуір аралығында үйінде жанжал шығарып, отбасының берекесін қашырған 45 мың адам әкімшілік жазаға тартылды. Бұл былтырғыдан үш есе көп. Айта кетерлігі, жаңа заңда балалар қауіпсіздігі ерекше назарға алыныпты.
Серік Берқамалов, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ атқарушы директоры:
- Балаға қатысты қылмыстардың жауапкершілігін күшейтеміз. Балаға қатысты жыныстық мәжбүрлеу жасағаны үшін енді біз өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қолдана аламыз. Сондықтан мұндай шаралардың маңыздылығы өте зор деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, Қазақстанда отбасын қолдау орталықтары құрылмақ. Онда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге психологиялық көмектен бөлек, консультативті және құқықтық қолдау көрсетіледі.
Ажар Сағандықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Құрылған орталықтарда, мәселен, қысымға ұшыраған әйелдер біраз уақыт есін жинап, құжаттарын ретке келтіре алатын болады. Заңдағы тағы бір жағымды өзгеріс – ол жалақысы сақталмайтын еңбек демалысын алу мүмкіндігі. Өйткені көп жағдайда қорлаған адамнан құтылу үшін деп әйелдер отбасын да, жұмысын да тастап қашуға мәжбүр. Осылайша, ақшасыз, түксіз далада қалады.
Барар жер, басар тауы жоқтар мұндай орталықта бір ай бас сауғалай алады. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдататын жаңа заң маусымның 15-інде күшіне енеді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Гульнара Ерманова, Ержан Қанапияұлы.