Биыл Атырау облысында 350 шақырым жол жөнделеді
Атырау облысында биыл 350 шақырымнан астам жол жөнделуі тиіс, деп хабарлайды 24kz.
«Су тасқынына байланысты жолшылар жұмысқа кеш кірісті. Дегенмен жоспарлы жобадан ауытқымай мерзімінде аяқтаймыз, - дейді жауаптылар. Қазір облыс бойынша 12 учаскеде жол жөндеу жұмысы басталды.
Облыс орталығындағы Жұбан Молдағалиев атындағы көшеде жол құрылысы сәуір айында басталып, кейін тоқтап қалған еді. Қазір аталған учаскеде жұмыс қайта жанданып, ондаған техника қарбалас қимыл үстінде. Олар ескі асфальтты алып, жаңадан жол төсеуге кірісті.
Айдос Әженов, учаске басшысы:
- Асфальттың қалыңдығы 11 см, астыңғы қабаты 6 см, қазір үстіне жаңа технология бойынша жаңа асфальт салып келе жатырмыз: «ШМА-20» деген. Ол 5 см болады. ШМА-ның өзіндік ерекшелігі бар, асфальт бұзылмайды. Алдымызда орташа жұмыстарымыз бар. Алипова, Темірханов көшесі, Жұмағалиев көшелері бар.
Қала бойынша 29 шақырым жол жөнделеді. Қазір жолшылар 4 учаскеде жұмысты бастап кетті. Сондай-ақ биыл облысішілік және ауыларалық жолдар жөнделетін болады. Оның ішінде орталықтан шалғайда орналасқан Құрманғазы, Қызылқоға аудандарына басымдық берілді. Атап айтқанда, биыл «Индер - Қарабау - Миялы - Сағыз» тас жолының құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Ержан Хайнулаев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Сонымен қатар «Миялы - Ойыл» және Тайсойған ауылына кірме жолдарында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және Миялы ішіндегі автокөлік көпірін салу жоспарланып отыр. Құрманғазы ауданында: «Құрманғазы - Приморье - Утера - Котяевка» тас жолының 29 шақырымын орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Облыс бойынша 758 шақырым автокөлік жолына жобалық-сметалық құжаттама жасалған еді. Оның 353 шақырымы биыл жөнделеді. Қалған шақырымдар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов