Еліміздің сегіз қайраткері ізгі ниетті елші атанды

Ізгі ниетті елші. Бүгін өнер, спорт, денсаулық сақтау салаларында еңбегі сіңген бірқатар көрнекті өкілге осындай атақ берілді, деп хабарлайды 24kz.

Олардың қатарында әйгілі дирижерлер Марат Бисенғалиев пен Дианара Тілендиева, велошабандоз, олимпиада жеңімпазы Александр Винокуров, хирург Юрий Пя, алып күш иесі Сергей Цырульников, суретші Кәрікбек Күйіков пен ғалым Мұхит-Ардагер Сыдыкназаров және «Адам» лақап атымен танымал әнші Мирфарух Мирхидай бар.

Айта кетейік, «Қазақстанның ізгі ниет елшілері» жобасы Президент бастамасымен қолға алынып отыр. Жоба мақсаты – осындай тұлғалар арқылы Қазақстанды әлемге бейбітсүйгіш ел ретінде танымал ету. Сонымен қатар отандық өнер, мәдениет, ғылым, спорт, туризм мен креативті индустрияны дамытудағы отандастарымыздың жетістіктерін дүниежүзіне паш ету.  

Мирфарух Мирхидай (Adam), әнші:

- Бұл кәдімгідей бір шабыт. Өнерімізді жалғастыруға мақтаныш біз үшін. Әсіресе, мен үшін. Мен ауылдан шыққан жігітпін. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Сол күйі өнерде жұмыс істейміз. Елімізді басқа елдерге танытамыз, Алла қаласа.

Марат Бисенғалиев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Бұл өзі күтпеген жерден тосынсый болды. Күтпеген жерден дегенім, мұнда келу жоспарда болмаған еді. Францияға қайтар рейсті кейінге шегеруге тура келді. Бүгін Сыртқы істер министрінің қолынан «Ізгі ниетті елші» атағын алып отырғаныма өте қуаныштымын. Енді бұл атақты абыроймен алып жүруге күш саламын.