Петропавлда тасқыннан зардап шеккен 53 отбасы баспаналы болды

Петропавлда көктемгі тасқыннан зардап шеккен тұрғындар баспаналы бола бастады, деп хабарлайды 24kz.

Оларға жаңадан салынған алғашқы 53 жер үйдің кілті табысталды. Бұл үйлердің құрылысына «Қазақстан халқына» қоры қомақты қаржы бөлді. Қоныс тойын тойлаған отбасылардың қуанышына аймақтағы тілшіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы да ортақтасып қайтты.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Қала тұрғыны Оразғали Әлдекеевтің қуанышында шек жоқ. Бүгін ол отбасымен бірге жаңа қонысқа жайғасып жатыр. Мүгедектігі бар зейнеткердің бұрынғы баспанасы суға кетіп, апатты деп танылған еді.

Оразғали Әлдекеев, қала тұрғыны:

- Президенттің сөзі далада қалған жоқ. Міне, әрбір отбасына көмек көрсетеміз деген сөзі бүгін іске келіп отыр. Қандай жақсы, міне, жұмақтай үй алып отырмыз. Өте қуаныштымыз. Үйдің іші жақсы. Өте жақсы.

Көктемгі тасқыннан зардап шеккен тағы 50-ден аса отбасы осындай қуанышқа кенелді. Петропавлда оларға жаңадан салынған жер үйлердің кілті табысталды. Салтанатты шара барысында тұрмыстық техника мен жиһаздарға да бір-бір сертификат берілді.

Ғауез Нұрмұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жаңа үйлер салынуда. Қаржы бөлген демеушілерге және тез арада баспананы тұрғызған құрылысшыларға алғыс айтамын. Жаңа үйде тек береке мен бақыт орнасын. Қоныс құтты болсын!

Бұл үйлер бес аптаның ішінде дайын болды. Әрқайсы 80 шаршы метрден. Петропавлда күзге дейін дәл осындай 700 үй бой көтереді. Қалған тұрғындарға демеушілердің көмегімен пәтер сатып алынады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Енді бұл «Бірлік» ықшам ауданы деп аталады. Бұл жерде үйлерден бөлек спорт және ойын алаңдары салынды. Сонымен қатар демеушілердің көмегімен 80 балаға арналған балабақша бой көтереді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков