Түркі мемлекеттері «жасыл» энергетиканы дамытуға ниетті
Әзербайжан астанасында түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Жиында энергетика тақырыбы талқыланды. Ордалы отырысқа Қазақстан делегациясын Мәжіліс төрағасы бастап барды. Ерлан Қошанов «жасыл» энергетикаға көшу маңызына тоқталып, Қазақстан да бұл бағытта белсенді жұмыс істеп келе жатқанын айтты. «Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламасының жүзеге асырылу барысын баяндады. Кездесуде тараптар ұйымға мүше елдерге арналған бірқатар модельдік заң қабылдау мәселесін қарады. Олардың қатарында жеке деректерді қорғау, еңбек нарығының талаптарына сай кадр даярлау, сауда өкілдіктері сынды заң жобалары бар.