Жылыой ауданындағы шаруаларға 123 млн теңге өтемақы төленді
Атырау облысы Жылыой ауданында мал-мүлкі суда қалған шаруа қожалықтарға 123 миллионнан астам теңге төленді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл әзірге мал шаруашылығы бойынша берілген сома. Егіс алқаптарының шығынын өтеу жақын арада басталады. Жалпы көктемде ауданда 350-ге жуық кәсіпкерлік нысаны су астында қалған. Соның ішінде Құлсары бойынша 27 кәсіпкердің өтінімі өңірлік комиссияға жолданды. Қазір бағалау жұмыстары жүріп жатыр.
Нұртас Қуатбаев, Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Егін шаруашылығына әлі ештеңе жасақталған жоқ. Себебі, оның бір гектарына төленетін нормасы министрлікпен бекітіліп келеді. Сол құжат әлі келмей жатыр. Мысалы, 1 гектар қарбызға, 1 гектар дәнді-дақылға берілетін нормасы бар. Соған байланысты қазір облыс бойынша тоқтап тұр. Ал жалпы егістіктері суға кетіп қалған 4 шаруашылықтың жерлерін барып, анықтап қойдық.