SOS-батырмасына жүгініп көрдіңіз бе?

Шұғыл көмек қажет болса қайтесіз?

SOS дабыл батырмаларына жүгініп көрдіңіз бе?

Ол арқылы тікелей полициямен байланысып көмек сұрай аласыз. Ал сақшы сіздің қайда тұрғаныңызды, жай-күйіңізді құрылғыда орнатылған немесе жақын маңдағы бейнекамералардан көріп отырады.

Тақауда Астана қаласында 6 жасар бала ата-анасынан көз жазып қалып, sos дабыл батырмасы арқылы полиция қызметкерлеріне хабар берген. Жедел қызмет көрсету бөлімі ата-анасын көп ұзатпай тауып, баланы табыстады. Жалпы жыл басталғалы ел бойынша осындай sos дабыл батырмасы арқылы 71 қоңырау түскен. 

Әділ Сәрсенов, ҚР ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департаментінің басқарма орынбасары:

- Қазақстан Республикасы бойынша 279 дабыл батырмалары орналастырылған. Хабарласу түрлеріне қарасақ көп шоғырланған жерлерде өткізілетін шаралар болады, ол кезде балалар жоғалады немесе ұрлық фактілері, тонау, немесе  біреуге қасақана денесіне жарақат салу осындай фактілер болады.

Дабыл батырмасына шетел азаматтары да жүгіне алады. Жедел басқару орталығында оларға қызмет көрсететін арнайы мамандандырылған полиция қызметкерлері бар.

БЛИЦ:

- Төтенше жағдай кезінде басу қажет. Бірақ мен өзім қолданып көрген жоқпын.  

- Оны шұғыл жағдайға тап болған кезде және де когда сенің телефоның жоқ или өзің қалып қойдың. Допусти ол кез келген жағдай болуы мүмкін. 

- Көмек қажет кезде батырманы басуға болады. Сол кезде сізге көмек береді. 

Зарина Кәп, тілші:

- Біз қазір Қазақ радиосы көшесінде орналасқан дабыл түймесінің жанында тұрмыз. Операторға хабарласып көрейік.

- Сәлеметсіз бе?

- Сәлеметсіз бе, полиция қызметкері, сізді тыңдап тұрмыз.

- 24 кз арнасынан хабарласып тұрмыз. Сұрағымыз бар еді. Жалпы тұрғындар осы түйме арқылы жиі хабарласа ма?

- Жиі хабарласады. Біз жедел түрде полиция қызметкерлерін оқиға орнына жібереміз.

- Жақсы рақмет. Өздеріңіз байқағандай дер кезінде жауап берілді. Олар тек менің дауысымды естіп тұрған жоқ. Менің қай жерде, қандай жағдайда тұрғанымды жақын маңдағы бейнебақылау камерасы арқылы көре алады.

Бақберген Қалтай, полиция аға инспекторы:

- Астана қаласы бойынша 25 SOS дабыл түймесі орнатылған. Ағымдағы жылда 7 дабыл түймесін оранту жоспарланған. Оның екі дабыл түймесі орантылды. Малахова және Ақбидай көшесінде орнатылған. Мүлік жоғалғанда, ұялы телефондар жоғалған жағдайда немесе белгілі бір тұрақты тұрғын үйі жоқ, мекен-жайы жоқ адамдар жоғалған жағдайда хабарласады. 

Алдағы уақытта  SOS түймелері бюджет қаражатынсыз орнатылатын болады. Ол үшінші тарап ұйымдарымен бірлесіп іске асады. Бұдан бөлек интернетпен қамтылмаған аймақтарда жұмыс істейтін «Туристке арналған SOS-батырма» қауіпсіздік жүйесін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. 

Зарина Кәп, Бағдат Қайыркен