Петропавлда жаз соңына дейін 600 үйдің құрылысы аяқталады
Петропавл қаласындағы Бірлік ықшам ауданында 700 үй мен 90 орындық балабақша салынып жатыр.
Жақында ғана су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 53 үйдің кілті берілген еді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірге жасаған жұмыс сапары аясында тұрғындарды баспанамен қамтудың алғашқы нәтижелерімен танысты. Баспана кілтін алған отбасы мүшелерімен әңгімелесті. Сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға, маусым айының соңына дейін тағы 47, ал тамызда 600 үйдің құрылысы аяқталатынын айтты. Бүгінге дейін зардап шеккен өңірлерде 841 отбасы жаңа үйлерге қоныстанған. Болашақта 1800-ден астамы пайдалануға беріледі. Ал 4500 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіру үшін өтемақы алды.