Биыл Астанада 3 жаңа кәріз жүйесі іске қосылады
Бұл туралы елорда әкімдігі мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сәйкес 5 жобаның құрылысы жүріп жатыр.
Оның аясында 5 шақырымнан астам коллектор салынады. Сондай-ақ нөсер кәрізі желілерінің 8 объектісін жобалау жүргізіледі. Қазіргі уақытта қала бойынша жаңбыр суын сору үшін 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Барлық коммуналдық қызмет жергілікті орындарда жұмыс істеп жатыр. Бүгінде елорданың нөсер кәріз жүйесі 18 тазарту құрылысынан және 1-ші жинақтаушы тоғаннан, 610,8 км нөсер, дренаж және арық-науа, кәріз желісінің магистральдық коллекторларынан тұрады. Олар аумағы 16,7 мың гектардан асатын жерүсті ағын суын бұруды қамтамасыз етеді.
Еске салайық, бірер сағат бұрын елордада ірі бұршақ жауды. Қала көшелері лезде суға толды. Құбылмалы ауа райы көлік қозғалысына да қиындықтар туғызды. Қазгидрометтің мәліметінше, маусым айының ортасына дейін қалада найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін.