Мамандар мемлекеттік қызметтегі теңдік жайлы пікір алмасты

Елдегі мемлекеттік қызметшілердің жартысынан астамы – әйел, деп хабарлайды 24KZ.

Ал басшылық лауазымдағы бұрымдылардың үлесі 40%-ке жуықтаған. Сарапшылардың айтуынша, нәзік-жандар ісіне ұқыпты әрі тәртіпті келеді. Бірақ қоғамда гендерлік дискриминация әлі бар. Сол үшін мамандар пікір алмасу алаңында бас қосып, салада түбегейлі теңдік орнату тақырыбын талқылады. Баршаға бірдей мүмкіндік беру және жастардың мансап жолы қаралды.

Инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған ұсыныстар да айтылды. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі мемлекеттік қызметшілердің саны 800-ден асады. Оның 30%-ке жуығы басшылық лауазымда. Қатысушылардың айтуынша, қызметті тиімді атқаруға жас та, жыныс та, денсаулық та кері әсер етпейді.

Бибігүл Ағыбаева, МҚІА жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы:

- Тек қана мемлекеттік қызметте емес, жалпы әйел азаматтардың еңбек қатынастарда біраз дискриманацияға түсіп жататынын біз білеміз. Осы пікір алаңында жаңағы өзекті мәселе көтеріліп, мемлекеттік қызметшілердің өз пікірін білдіруі арқылы сол ойларды МҚІА назарына алып, ертең жүзеге асатынына сенімдімін.