Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 60%-ке жуықтады

Мемлекет басшысы тапсырған маңызды міндеттің бірі – мемлекеттік қызметті баршаға қолжетімді ету.

Соның ішінде мәнсаптық өсуге жас пен жыныс кедергі болмауға тиіс. Бүгінде бұл ұсыныс саяси институттарға дендеп кіріге бастады.

Бір ғана мысал. Мемлекеттік қызметтегі әйел затының үлесі қазір 60%-ке жуықтап қалды. Бұдан бөлек, Президент пәрменімен қолға алынған Жастар кадрлық резерві де кейінгі толқынның бар білім-білігін, күш-қайратын ел игілігіне арнауына жол ашты.

Мемлекеттік қызметші болу – Жансаяның бала кезден арманы. Талапты жас бұл ойын сәтті іске асыра білді. Жансая бүгінде Қостанай өңіріндегі аудандық мәслихатта қызмет атқарады. Білдей бас маман. Ең алғашқы еңбек жолын қалада емес, ауылда бастап жатқан бойжеткеннің қадамы нық, мақсаты айқын.

Жансая Есетова, жас маман:

- ЖОО-ны тәмамдап, қолыма қызыл диломды алып, өзімнің туып-өскен жеріме өзімнің бір еңбегімді тигіземін деп оралған болатынмын. Мемлекеттік қызметке конкурссыз, GPA балы 3,33 балдан төмен емес түлектер мемлекеттік қызметке тағайындала алатынын бізге мәлімдеген болатын. Мектеп кезінен әрдайым мемлекеттік қызметші боламын деген мақсат қойған болатынбын. Сол кезден бастан кішкентай арманымды орындау үшін кішкентай адымдар жасай бастадым.

Ал бұл – Мерей Рамазан. Былтыр Президенттік жастар кадрлық резервінің қатарына алынды. Мемлекеттік қызмет оған таңсық емес. Әсіресе әлеуметтік саланы бес саусағындай біледі. Өйткені 12 жыл Үкімет қабырғасында тәжірибе жинақтаған.

Күні кеше ол Жастар Кадрық резервінің талабы бойынша Бурабай ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Сондықтан енді бар қарым-қабілетін аймақ әлеуетін көтеруге жұмсауға бекініп отыр.

Мерей Рамазан, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:

- Президенттік жастар кадрлық резерві – бұл үлкен мүмкіндік. Мен «кресло» қуып барып жатқаным жоқ. Негізі әлеуметтік салада жұмыс істегеніме 12 жыл. Халықпен  қалай жұмыс істеу керек екенін білемін. Бірақ өңірде жұмыс істеу маған қызық болды. Сол Бурабай ауданына барғаныма өте қуаныштымын. Өйткені келесі жылы, 2025 жылы Президенттің қатысуымен Ұлттық құрылтай жоспарланып отыр.

Жастар – елдің қозғаушы күші. Ендеше жастық жалын, ерік-жігер ел игіліне қызмет етуі тиіс. Бұл ретте өмірге саналы ұрпақ әкелетін әйел затының рөлін де ұмытпаған жөн. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде Қазақстан халқының 52%-ін нәзік жандар құрайды. Олар ер азаматтармен қатар түрлі салада табысты қызмет атқарып жүр. Түздің де, үйдің де тірлігін ұршықша иірген қыз-келіншектер мемлекеттік секторда жетерлік. Қазір олардың үлесі салмағы 55,7%-ке жетті. Сондай-ақ басшылық лауазымның 39,4%-і осы бұрымдылардың еншісінде. Демек мемлекеттік қызметте, анау айтқандай, жыныс пен жас кедергі емес. Баршаға тең құқық берілген. Бұл өзгеріс үміткерлерді іріктеу кезеңінен басталады, – дейді мамандар.

Медет Талант, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Мемлекеттік қызметке іріктеу департаментінің директоры:

- Бүгінгі таңда жаңа іріктеу жүйесі 22 мемлекеттік органда енгізілді. Шілде айында тағы 22 органға енгізілетін болады. Жаңа іріктеу жүйесінің ең басты айырмашығылы, 24 сағат және аптаның 7 күнінде іске асырылады. Тестілеу кезеңдерінің барлығы автоматтандырылып, әр үміткер үйінде интернеті бар жерге отырып, осы тестілеу кезеңдерінен өте береді. Тағы бір басты айырмашылығы – ол адами факторды болдырмау. Яғни, бүгінгі таңда барлық іріктеудің қорытындысын компьютер өзі шығаратын болады.

Иә, мемлекеттік қызметте ашықтық пен әділдіктің салтанат құруы – тұтас қоғамды теңдікке бастайтын маңызды қадам. Оның ішінде мүгедек жандардың жағдайы да ұмыт қалмағанын айта кету керек. Қазір мемлекеттік аппаратта 900-ге жуық әлеуметтік осал топ мүшесі бар. Оның 30%-і басшылық қызметте.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Бағдат Қайыркен.