Су тасқыны: Арқалыққа қарасты қос ауылдың болашағы бұлыңғыр

Арқалық қаласына қарасты Қызыл жұлдыз және Екідін елді мекені де тасқын судан қатты зардап шекті, деп хабарлайды 24KZ.

Табиғи апат Қызыл жұлдыздағы үйлердің барлығын дерлік жарамсыз етсе, Екідінде жартысынан астамы бұзылған. Енді аталған ауылдардың болашағы қалай болмақ? Тұрғындардың күн күнкөріс, тұрмыс-тіршілігінде не өзгеріс?

Екідін. Атауының өзі айтып тұрғандай ауылға тақаған тұста, сонау ежелгі темір дәуірінде салынған дөң басындағы екі дін алыстан көзге шалынады. Жаугершілік заманда киіз үй тәрізді көне құрылыс ішінде от жағып, түтін будақтатып, төнген қауіп жайында белгі беріп отырған. Көктемдегі алапат тасқынмен елімізде бірінші болып осы Екідін ауылы бетпе-бет келді.

Шәбдан Қыдырбекұлы, Екідін ауылының тұрғыны:

- 63 жыл осында тұрғанмын. Бірақ осы жылы апаттан үй құлады. Қазіргі жағдайы – осы. Ішінен ештеңе ала алмадық. Бәрі де түгел ішінде қалды. Әйтеуір өзіміз аман-сау шығып кеттік.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Екідін ауылында 55 үй болған. Соның 28-ін, яғни жартысынан астамын тасқын су шайып, бұзып кетті. Үйсіз қалған тұрғындардың барлығына Арқалықтан пәтер берілді. Алайда көбісі туған ауылдарынан кеткісі жоқ. Кейбіреулері ескі, иесіз қалған үйлерді жөндеп тұрып жатыр.

Шәбден ақсақал да ауылдың қыр жақ бетіндегі бір үйді иеленіп қойыпты. Қазір көмекке келген ағайын-туысымен ескі қонысының үйіндісін тазартып, іске татиды-ау деген дүниелерді жинап жүр.

Шәбдан Қыдырбекұлы, Екідін ауылының тұрғыны:

- Жөндеп, сосын барып кіреміз. Осы жерден алған үйге. Арқалықтан да 3 бөлмелі үй алып қойдық. Ол да енді балалар болар, өзіміз болармыз. Барғанда бір үй керек қой қалада. Сол, мынау малымыз бар. Малды тастап кете алмадық. Енді сол қалған малдың үстіне мал қосып алып жатырмыз.

Әр тұста ақ шаңқан киіз үйлер тігілген. Осындай уақытша панаға мұндағылар дән риза. Кейбірі қора-қопсыларын қайта көтеріп, салып жатыр.

Ғалым Қыдырбеков, Екідін ауылының тұрғыны:

- Баз салып жатырмыз. Биыл бәрі суға кетті ғой, қора-қопсы, үй барлығы. Ірі қараға арнап салып жатырмын. 50-60 басқа жобалап. Мынау Үкіметтен кеткен малдарға өтемақы берілді ғой. Соны керегімізге пайдаланып, жаратып жатырмыз.

Ауылдағы мектеп, клуб, ФАП сияқты әлеуметтік нысандарға нұқсан келмеген, жұмыс істеп тұр. Жарық, байланыс бар. Тұрмыстық жағдай қалыпқа келіп жатыр десек те, «қаладан пәтер алғандар ертең үдере көшіп кетпей ме» деген сұрақ көкейімізге орала берді.

Дулат Бейсенов, Екідін ауылының әкімі:

- Қалаға көшетін бір 5-6 отбасы бар. Олар бұрыннан өздері соған ыңғайланып жүр. Ал негізгі халық кетікісі келмей отыр. Малдарын әрі қарай бағып, өсіріп, жалғастырғысы келеді. Қазір 7-8 бос үйді өздері пайдаланып жатыр. Соған кіріп жатыр. Бір-екі адам 2 үй саламыз деп отыр. Материалдарын алып келді.

Тасқыннан кейінгі Екідін ауылының тірлігі, міне, осындай. Ал Қызыл жұлдыздың болашағы бұлыңғыр. Мұндағы құрылыс нысандарының сау тамтығы қалмаған. Әкімдіктегілердің айтуынша, ауыл тұрғындарының барлығына Арқалықтан пәтер берілген.

Абзал Тәшімов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:

- Сондықтан бұл елді мекен ретінде енді болмайды. Өйткені мектеп апатты жағдайда болды, медпункт апатты жағдайда. Енді олардың тұрғындары сол жерде мал бағып ұстау үшін өздерінің қыстақ ретінде салып жатыр. Уақытша тұратын ғимараттар салып жатыр.

Қорытындылай келе айтпағымыз, тасқын судан қатты зардап шеккен Арқалыққа қарасты қос ауылдың бірі сақталып, екіншісі ауыл ретінде жойылып кетуі мүмкін.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.