Елордада мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жайы талқыланды
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту керек.
Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері осылай дейді. Бүгін елордада «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға елдің барлық өңірлерінен түрлі этнос өкілдері қатысты. Олар өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, қазақ тілінің өрісін кеңейту бойынша ұсыныстарын ортаға салады. Сондай-ақ ана тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту әдістері талқыланды.
Элина Масагутова, республикалық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің директоры:
- Біздің басты міндетіміз – осы біздің мемлекеттік тілімізді насихаттап, басқа этнос өкілдерінің арасында насихаттап, оны оқуға мүмкіндік беру. Ассамблеяның осы міндеттермен айналысып жатқанына бірнеше жыл болды. Мысалы, біздің «Мың бала» атты сайысымыз әр облыста өтіп жатыр және жылдың аяғында үлкен фестиваль істейміз.