Жетісайда қауын пісті
Жетісайлық диқандар алғашқы 30 тонна қауынды Ресейге жөнелтті, деп хабарлайды 24kz.
Көп ұзамай тағы 90 тонна қауынды Мәскеу қаласының сауда орталықтарына жеткізеді. Биылғы қолайсыз ауа-райына қарамастан диқандар бақша өнімін, қар мен жаңбырдан сақтап қалды.
Жетісай ауданы Абай ауылдық округіндегі бақша алқаптарында қазір жұмыс қауырт. Шаруалар ерте піскен қауынды жинап жатыр. Бұл жұмыстарға ауылдың қыз-жігіттері түгел тартылған.
Бақтыгүл Қадырова, жұмысшы:
- Осы қауынды егеміз, пәлегін қайтарамыз. Осы дәрежеге жеткеннен кейін өзіміз үзіп, өзіміз сортировка етеміз. Бала-шағамызбен күніне 7500 теңге табамыз.
Мәселен Абай ауылында шаруалар негізінен қауын-қарбыз өсіреді. Жергілікті диқандардың бірі – Әл-Фараби Күзембаев 45 гектар жерге қауынның әртүрлі сортын еккен. Алғашқы өнімді жинай бастады. Қалғандары қара күзге дейін өнім беретінін айтады.
Әл-Фараби Күзембаев, диқан:
- Биыл енді жауын-шашын көп болғаннан кейін қауындар біраз сәл ауырды. Оған дәрілерді, химикаттарды шашып, бері қаратып алдық. Базарын берсін енді. Ресейде қазір сол 120-150 рубльдің арасында болып жатыр. Біздің теңгемен шаққанда 10-11 мың теңгенің арасында енді сол.
Яғни, ерте піскен бақша дақылдарынан түсетін пайда көп. Қазір шаруалар егіс алқаптарынан жиналған өнімнің әр келісін 600 теңгеден саудалап, Ресейдің нарығына жөнелтіп жатыр. «Еліміздің өзге өңірлерінен де сұраныс бар», - дейді. Бұған дейін мақта егуді ғана кәсіп еткен диқандар бақша дақылдарына ден қоя бастаы
Нұртас Тұрсынбеков, Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Мақта дақылдарынан гектарына 3-5 тонна өнім алса, бақша дақылдарынан кемінде 25-30 тонна өнім алады. Мемлекет тарапынан бау-бақшаға жылдың басынан бастап минералды тыңайтқыштар берілді. Сондықтан шаруалар пайдасы көп дақылдарды егіп жатыр қазіргі таңда.
Қазір қауын жүк көліктеріне тиеліп, көрші елге тасымалдануда. Диқандар Ресейдің сауда орындарына делдалсыз жеткізеді. Биыл Жетісай ауданында 20 мың гектар алқапқа бау-бақша дақылдары егілген. Оның 16 мың гектары қауын болса, 4 мың гектары қарбыз дақылы. Диқандар қара күзге дейін 500 мың тоннадан астам өнім аламыз деп жоспарлап отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш