Биыл Ақмола облысында 14 мың оқушы жазғы лагерьде демалады

Биыл ақмолалық 14 мың оқушы жазғы лагерьде демалады, деп хабарлайды 24kz.

Балғындарды аймақтағы 17 сауықтыру орталығы қабылдайды. Қазір олардың тең жартысы жұмысын бастады. Демалыс нысандарында тек жергілікті оқушылар ғана емес, басқа қаладан келген балалар да бар.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Зеренді ауданындағы бұл сауықтыру орталығы осы маусымда бір мыңнан астам баланы қабылдайды. Қазір соның алғашқы легі келіп, 224 бала демалып жатыр. Оның ішінде қалаға шалғай орналасқан Аршалы, Целиноград, Жарқайың аудандарының оқушылары бар.

Айша Сағындық, оқушы:

- Иә, бұл лагерьге мен бірінші рет келіп тұрмын. Бұл жақтың бағдарламасы өте жақсы. Тәлімгерлері де жақсы. Мен бұл жақтан өзіме көп достар тауып жатырмын.

Балаларға демалыс кешенінде ойын-сауықтан бөлек, ойлау қабілеттерін дамытатын түрлі ойын өткізіліп, сан алуан саяхат ұйымдастырылады. Бос уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі үйірмелер де ашылған.

Сәбира Қабданова, балалар сауықтыру кешенінің меңгерушісі:

- Біз әр балаға жеке көңіл бөлуге тырысамыз. Сол себепті балғындардың табиғатына қарай түрлі үйірмелерге бөлеміз. Қазір бізде спорттық, шығармашылық үйірмелер бар. Сондай-ақ демалушылар үшін Зерендінің көрікті жерлеріне экскурсия жүргізіледі.

Биыл аймақта екі мыңға жуық баланы тегін лагермен қамту үшін өңір бюджетінен 121 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, бір мың оқу үздігі мен Олимпиада жүлдегеріне «Қазақстан халқы» қоры есебінен тегін жолдама берілді. Ал, қалған лагерь жолдамасы ақылы негізде ұсынылады. Айталық, биыл демалыс бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда орташа 10-15 мың теңгеге қымбаттаған.

Ботагөз Дүйсенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- 15 ауысымдық және екі жыл бойы жұмыс істейтін лагерьлардың ішінде 8-і мемлекеттік лагерь. Қалғаны жекеменшік. Сондықтан бұл лагерьге бару құны да әртүрлі. Биылғы жылғы лагерьлердің бағасы 55 мыңнан басталып, 175 мыңға дейін.

Ал, аймақтағы 80 мыңға жуық бала мектеп жанындағы лагерьге барады. Онда да оқушыларға танымдық шаралар мен ойын-сауық жиындары ұйымдастырылады. «Тіпті мектеп жанына киіз үйлер тігіліп, қазақтың салт-дәстүрлері насихатталады», - дейді мамандар. 

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкоренка