Қарағандылық оқушы паралимпиадашылар туралы кітап шығарғысы келеді
Қарағандылық оқушы паралимпиадашылардың ерлігін баяндайтын кітап шығарғысы келеді, деп хабарлайды 24kz.
10 жастағы бала өз шығармаларын сатып, түскен қаражатты мүгедек спортшылардың қажетіне жұмсауға ниеттеніп отыр. Жас жазушымен тілшіміз кездесіп қайтты.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Төртінші сынып оқушысы Платон Нечаев тұңғыш туындысын Қарағанды көмір бассейнін ашқан Аппақ Байжановқа арнаған. Қатты отынды тапқан шопан бала туралы өзіндік аңыз құрастырған. Оның желісінде балалар үшін зор әсер қалдыратын зұлымдық пен ізгіліктің күресі бейнеленген.
Платон Нечаев, оқушы:
- Бұл туралы мектепте көп айтылды. Мен, әрине, аздап тарихқа сүйенем, ал негізгі бөлігін өзім ойдан шығарамын. Онда зұлымдық күшке ие жауыздар болады. Олар көмірді тартып алып, оның қуатын пайдаланғысы келеді. Мұндай аңыз балаларға қызық. Қарағандының 90 жылдық тарихы бар. Бірақ ешкім мұндай ертегі ойлап тапқан емес. Бұның бәрі қаламыздың тарихын ұмытпауға септігін тигізеді.
Платон жеңіл атлетикамен де айналысады. Бірақ «Олимп арманына жету жолы» деп аталатын ертегісі мүгедектігі бар спортшыларға арналған. Туындыларын сатудан түскен қаражатты паралимпиадашыларды қолдауға жұмсамақ.
Алла Столярская, жеңіл атлетикадан жаттықтырушы:
- Платонның идеясы, қабілеті, жан дүниесінің тазалығы отбасындағы тағылымды тәрбиеден деп білеміз. Бұл жөнінде жаттығу барысында көп айтамыз. Париж Олимпиадасы, паралимпиадалық ойын түрлері тақырыбын жиі көтереміз. Әрі Қарағандыда бұл бағытта түрлі ұйымдар бар.
Платонның ертегілері Абай атындағы балалар кітапханасында өтетін әдебиет клубында жиі айтылады. Клуб поэзия мен прозаға әуес жастар үшін зор мүмкіндік. Олардың шығармаларын дамытуға қолдау көрсетіп, жергілікті газет-журналдар жариялап тұрады.
Марина Подгайнова Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының бөлім басшысы:
- Платон жазушы болуды армандаған. Енді шығармаларының тұсауын кесеміз. Балалар осы сәтті асыға күтіп жүр.
Қазір Платонның үш ертегісі жарық көрді. Анасы оларды қазақ тіліне аударған. Жас жазушы келесі туындысын Астана мен Алматының тарихына арнамақ.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Марина Золотарёва, Сайран Акамбаев, Зарина Зулпыхар