Қараусыз жүрген малдан қауіп көп
Жетісу облысында жыл басынан бері 24 жүргізуші төрттүлікті қағып, көлік апатына түскен.
Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 5 жағдайға көп. Шомылу маусымы басталар шақта көрсеткіш көбеюі мүмкін. Себебі Алакөл мен Балқашқа ағылған туристер есебінен күре жолда көлік қатынасы жиілейді. Қауіптің алдын алу үшін жол саласының мамандары сақтық шараларын күшейтті.
Тимур Фатихов еңбек ететін шаруашылық «Алматы - Өскемен» автомагистралінен 200 метр жерде тұр. Жол жиегіндегі қожалыққа мамандар арнайы келді. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жылқыға жарық шағылыстыратын бау тағып берді.
Тимур Фатихов, шаруашылық қызметкері:
- Біз үшін өте тиімді. Бір жағынан жолаушылар көреді. Бір жағынан адамдар көреді. Жылқы да аман. Адамдар аман. Жол-көлік оқиғалары азаяды.
Жол мамандары шаруаларға жарық шағылыстыратын баудың 200 данасын таратуды жоспарлап отыр. Себебі мал қағу оқиғаларының көбі кешкісін немесе түнде болады. Сақтық шараларын күшейкен саладағылар «Алматы - Өскемен» тасжолының белгіленген бөлігіне қоршау орнатты.
Азамат Асылбаев, «Қажсервис» ЖШС ОФ бөлім басшысы:
- Алматы- Өскемен тас жолының 287 шақырымынан 535 шақырымына дейін шамасымен 160 шақырым сетка орнатылды. Қоршаулар жақсы көмегін тигізеді. Өйткені жануарлардың жолға шығып кетпеуінің алдын алады.
Төрт түлігін қараусыз қалдырғандарға заңнамада әкімшілік жаза қарастырылған. Тәртіп сақшылары биыл 800-ден аса адамға хаттама толтырды.
Саят Сайлыбайұлы, ПД бөлім бастығы:
- Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу фактісі анықталса, ҚР ӘҚБК 408-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Оның бірінші бөлігі бойынша үш айлық есептік көрсеткішке әкеп соғады. Оның сондай-ақ екінші бөлігі бар. Екінші бөлігіне сәйкес жеке тұлғаның мүлігіне залал келтірген жағдайда. Сол әрекеті үшін он айлық есептік көрсеткіш айыппұлға әкеп соғады.
Сала мамандары республикалық жолдардағы жарық шағылыстырғыштың 100 мыңын ауыстыруды жоспарлап отыр. Осылайша қара жолда болатын қайғылы жағдайларды азайтуға ықпал етпек.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов