«Невада-Семейдің» жаңа фотолары табылды
Биыл «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына 35 жыл толып отыр.
Алғашқылардың бірі болып ядролық қарусыздануға нақты қадам жасап, жаһанға үлгі болған Қазақстанның ауыр сынақтармен күресу жолы әлем тарихында қатталып қалды. Антиядролық қозғалыс кезінде түсірілген тың суреттер америкалық азаматтың жеке архивінен табылып, енді мемлекет мұрағатына тапсырылатын болды. Бұл құнды суреттерді Алаш даласындағы ашаршылық зардабын зерттеген белгілі АҚШ тарихшысы Сара Кэмерон алып келмек.
Қазақ тарихындағы «Невада-Семей» қозғалысына қатысты тың суреттерді Сара Кэмеронның студенті тапқан. Ядролық тарихты зерттеумен айналысқан Эмили Ирвин осы саланы зерттеу барысында Алматыдағы шерудің суреттеріне кезігіп, автордың рұқсатымен оны Қазақстанға қайтаруға ниет танытқан. «Осы суреттер арқылы өзім де қазақ даласындағы Семей полигонының жантүршігерлік зардаптарымен танысып, Қазақстан тарихымен қауыштым», – дейді Эмили.
Эмили Ирвин, ғылыми қызметкер:
- Осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын Уилсон орталығындағы мұрағатта тәжірибеден өткен едім. Өзім ядролық тарихты зерттегендіктен, мен үшін бұл тың жаңалық болды. Қазақстандағы антиядролық қозғалыс неліктен Невада деп аталуы керек деп ойладым. Американың осы штаты Қазақстанмен қатар аталатыны қатты қызықтырды. Іздене келе бірінші Невадада әлемдегі ең үлкен полигон, ал екінші сондай сынақ алаңы Қазақстанда болғанын түсіндім. Өзім Лас-Вегастанмын, ал Невада полигоны Лас-Вегастан 100 шақырымдай қашықта орналасқан. Мен Невадада туып-өстім және сол жерде 18 жыл тұрдым.
Невада штатында туып-өскен Эмилидің айтуынша, екі елдегі ең үлкен сынақ алаңдарына әлем назарын аудару мақсатында АҚШ белсенділері арнайы Қазақстанға ат басын бұрған. Табылған тарихи суреттер де сол кезде түсірілген. Қайраткер Олжас Сүлейменов өз сөзінде: «бұл қозғалысты америкалықтардың әрекетіне негіздедім», – деп айтқан болатын. Осылай бұл қозғалыс жаһандық сипат алған.
Эмили Ирвин, ғылыми қызметкер:
- Питер сол кездегі Қазақстандағы қозғалысты көзбен көріп, суретке түсіріп алған. Мен ядролық сынақтарға қатысты онымен сөйлескенімде Қазақстандағы қозғалыстың суреттерін көрсетті. Тарихшылар үшін бұл – таптырмас құнды деректер. Осылайша, тарихтың жаңа парақтары ашылады. Ондай құнды суреттер жертөледе жатпауы керек. Мен оған суреттерді қазақ еліне беру туралы ойымды айтып едім, ол бірден келісімін берді. Содан кейін Қазақстанға талай мәрте тарихи зерттеулермен барған профессорым Сара Кэмеронмен ақылдасып, маңызды оқиғаның суреттерін қазақ еліне қайтаруға бел будық.
Сара Кэмерон, тарихшы:
- Бұл – тікелей Эмилидің бастамасы. Ол антиядролық қозғалыстың негізгі мүшелерінің бірі, 80-ші жылдың соңында Қазақстанға бірнеше рет арнайы барған америкалық азаматтан тарихи суреттерді қазақ еліне қайтарып отыр. Сурет авторының келісімін алып, Эмили Қазақстанның тарихы үшін игі іс атқарды деп ойлаймын. Әрине, америкалықтардың көпшілігі Чернобыль туралы білуі мүмкін, бірақ, өкінішке қарай, олар Қазақстанда болған оқиға туралы аз естіген. Осындай деректер арқылы ендігі ұрпақ екі елді байланыстырған тарихи оқиғаны жаңаша қырынан танитын болады.
Бұған дейін де қазақ даласындағы ашаршылық қасіретін зерделеп, ғылыми еңбектер жазған профессор Сара Кэмерон енді бұл суреттерді Қазақстанға алып келіп, мемлекеттік архивке тапсырмақ. Осылайша, 35 жыл өткен соң ел тарихындағы ең елеулі оқиғаның фотошежіресі Қазақстанға оралатын болды.